Қоғам

Петропавлда тіл мамандарының семинары өтті

Латын графикасына көшу – рухани жаңғырудың басты құндылығы. Облыс орталығында осындай атаумен тіл мамандарының басын қосқан семинар өтті. Шарада үстіміздегі жылы бекітілген жаңа әліпби сөз болды. Сондай-ақ, филолог мамандар мен аудармашылар іс-қағаздарды мемлекеттік тілде сауатты жүргізу мәселесін де қозғады. Бұл ретте жиылғандар тәжірибелерімен бөлісіп, атқарылып жатқан шаруалардың тиімділігін де сөз етті.

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алуы бірден оның қолданыс аясын кеңейтіп, өзекті мәселелерді түбегейлі шешуге мүмкіндік берген жоқ. Тұрғындардың тілді меңгеруінен бөлек, ресми құжаттарды толтыруға келгенде де шешімін таппаған жайттар жетерлік. Былайша айтқанда, іс-қағаздардың қазақ тілінде жүргізілуі біржақты етілгенімен, ондағы сауаттылық әлі де өзекті болып тұр. Бүгін аталған сұрақ осы сала мамандары мен аудармашылардың басын қосқан жиында сөз болып отыр.

Алтынай Сыздықова – Петропавл қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:

– Бүгінгі семинардың мақсаты – іс-қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізу деңгейі мен сауаттылығын арттыру.

Мамандардың айтуынша, іс-қағазды мемлекеттік тілде жүргізуде жаңадан енгізіліп жатқан латын графикасы септесуі тиіс. 2025 жылға дейін мемлекеттік оргнадарда бұл шаруа толығымен атқарылуы қажет. Алайда, жаңа әліпбиге ауысудан бөлек, оның қабылдануы күрделі әрі жауапты іс. Үстіміздегі жылдың ақпан айында елімізде алфавитттің соңғы нұсқасы бекітілген болатын. Ол 32 таңбадан тұрады. Бір қарағанда қарапайым әрі ыңғайлы. Алайда, ұзақ уақыт бойы дайындалған бұл графиканың өзі қазақ тілінің барлық ерекшелігін қанағаттандырмайды дейді болашақ тіл маманы Ерасыл Тұрсын. Ол жаңа әліпби тілімізді оған кириллицамен бірге кіріп кеткен өзгерістерден арылтса деген пікірде. Әсіресе, бұл қазақ тілінде жоқ дауысты «и» және «у» әріптеріне қатысты болып отыр.

Ерасыл Тұрсын – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Мысал қазіргі таңда жастар «жиырма», «киім» деп сөйлейді. Бұрыңғы заңдылық бойынша ол «кійім», «жыйырма» деп жазылып, айтылуы қажет.

Өзінің жобасын Ерасыл Тұрсын А. Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтына жолдаған. Қазір студент сала мамандарының жауабын күтуде. Айтуынша, бұл іс әлі де егжей-тегжейлі зерттеуді талап етеді екен.

Эльмира Садвокасова