Мәдениет

Петропавлда “Шахнаме” көрмесі ашылды

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде “Шахнаме” көрмесі ашылды. Ерекше атауға ие болған көрмеде жерлестеріміз Иранның мәдениеті және дәстүрлерінен сыр шертетеін 100-ден аса сәндік-қолтанбалы өнер үлгілерін тамашалай алады.

Көрменің ашылу салтанатына мемлекетіміздегі Иран Ислам Республикасы елшілігінің мәдени өкілдігінің кеңесшісі Масуд Шейх Зейнеддин арнайы келді. Ол өз сөзінде мұндай шаралардың екі елдің тарихи-мәдени байланысының ілгерлеуіне септігін тигізетінін айтты.

Масуд Шейх Зейнеддин – Иран Ислам Республикасы елшілігінің мәдени өкілдігінің кеңесшісі:

– Қазақ және Иран елдерінің арасында ежелден-ақ мықты мәдени қатынастар орнаған. Бүгінде бұл байланыс одан әрі дамып, беки түсуде. Сол себепті осындай шараларды жиі ұйымдастыра бермекпіз.

Жалпы, көрмеге 47 картина шығарылған. Олардың барлығы “Шахнаме” шығармасының мазмұнын сипаттайды.

Әлия Усинова – Облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі:

– Біздің қаламызда мұндай көрме бірінші рет өткізілуде. 100-ден аса жәдігер әкелініпті. Бұған дейін Алматы, Семей, Қызылорда қалаларында ұйымдастырылған.

Сондай-ақ, көрмедегі көркем өнер туындылары, сәндік және тұрмыстық заттар
да Иран мәдениеті мен қолөнерін келушілерге паш етті. Оның ішінде, Иранның дәстүрлі өнерінің ерекше үлгілерінің бірі “хатам” техникасымен ойылған ағаш бұйымдары, әшекейлер де бар. Мәселе мына сандық құранға арналып дайындалған. Бұнда да хатам техникасы қолданылған. Иран шеберлері сандықты безендіру үшін біраз тер төккендігі байқалады.

– Бұл шараға өзімнің әріптесіммен келдім. Көрмеге қойылған суреттер қатты ұнады. Мәнді әрі өмірге деген құштарлықты оятады.

– Иран елінің “Шахнаме” көрмесі көңілімнен шықты. Тарихқа үңіліп, керемет әсер алдым. Қолдан жасалған бұйымдар көздің жауын алады.

Көрме облыстық тарихи-өлкетану музейінде қазанның 28-іне дейін жұмыс істемек.

Дана  Ешкенова