Құқық қорғау органдары

Петропавлда көші-қон қызметтерін көрсету орталығы ашылды

Петропавлда көші-қон қызметтерін көрсету орталығы ашылды. Бұдан былай, облысымызға келген шетелдіктер барлық рұқсат қағаздарын сол жерден алатын болады. Айту керек, мұнда еңбек мигранттарына рұқсат құжаттарын бұрынғыдай 5 күнде емес, 1 сағаттың ішінде рәсімдемек.

Соңғы жылдары өңірімізге келетін шетелдіктердің қатары артуда. Мысалы, үстіміздегі жылдың 9 айында облыстық көші-қон қызметі басқармасының мамандары өзге мемлекеттердің 2 800 шақты азаматына ел аумағында жұмыс істеуге рұқсат беріпті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34 процентке артық. Жыл басынан облысымызға келген еңбек мигранттарынан баж салығы түрінде жергілікті қазынаға 40 млн теңге түсіпті. Бұдан бөлек, өңірімізге басқа мақсаттармен келіп жатқандар да баршылық.

Талғат Әбілов – СҚО ІІД көші-қон қызметі басқармасының бастығы :

– Үстіміздегі жылдың 9 айында облысымызға 18 900-дей шетел азаматы уақытша келді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,4 процентке көп. Дені Ресей, Моңғолия, Қытай және Өзбекстан мемлекетерінің тұрғындары.

Айту керек, бүгінде мигранттар мен легионерлер рұқсат құжаттарын ресімдеуде бұрынғыдай 5 күндерін жоғалтпайды. Оларға ұсыналатын барлық қызмет түрі оңтайландырылып, бір орталықтың ішінде, 17 қызмет түрі ұсынылатын болады.

Роза Жүкенова – СҚО ІІД көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы:

– Медициналық қарау, дактилоскопия, жеке нөмір, салық рұқсатын осы жерден алуға болады. Еңбек мигранттарына қызмет көрсету уақыты 5 күнен 1 сағатқа дейін қысқартылды.

Орталыққа келушілерге электрондық кезек қарастырлған. Бұл сапалы қызмет алудың кепілі болмақ. Мұнда халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары да отырады. Аталмыш мекеменің жұмысымен өңірдің бас полицейі Берік біләлов пен қала әкімі Марат Тасмағанбетов танысты.

Осы күні ІІД-нің бастығы Берік Біләлов Достық алаңына тізілген қызметтік көліктердің қыс мезгіліне даярлығын да тексерді. Биыл аталмыш ведомствоның машина паркі 11 Лада Веста маркалы су жаңа көліктермен толықты. Сондай-ақ, облыс полицейлерінің қысқы киім-кешектері мен қызметтік куәліктері тексерілді. Жалпы бүгінде ішкі істер органдарында барлығы 3 мыңға жуық тәртіп сақшысы қоғамдық тәртіпті қадағалап жүр.

Берік Қасен