ТЖ

Петропавл қалалық №2 өрт сөндіру бөлімінде ашық есік күні өтті

19 қазан – құтқарушылар күні! Осы мерекеге орай Петропавл қалалық №2 өрт сөндіру бөлімінде ашық есіктер күні өтті. Шара барысында жергілікті мектептердің 150-ге жуық шәкірті, жауапты жұмыстың жүгін арқалаған мамандардың күнделікті тірлігімен танысты. Одан бөлек, қызметтік техника мен құрал-жабдықтарын да көрді.

Бүгін күн суық. Дегенмен, бұған қарамай №2 өрт сөндіру бөліміне келген оқушылар құтқарушылардың көліктері мен түрлі дүниелерін қызыға тамашалап жатыр. Әсіресе, көпшілігінің назары мына жол талғамайтын “Трэкол” техникасына ауды. Ұл-қыздар дөңгелектері биік, алып машинаның ішіне кіріп, жүргізуші орнына отырып та көрді. Бұл сәтте далада да қажетті ақпарат айтылды. Мұнда маман сүңгуірдің аяқ киімі жайлы баяндап берді.

Қызметтік құрал жабдықтарда осы жерде тұр. Айтар болсақ, шәкірттер тесуге, қазуға, кесуге арқалған заттарды көрді. Бұның бәрі келушілердің көңілінен шықты.

–  Маған барлығы ұнады. Әсіресе, көліктер көңілімнен шықты. Өскенде мен де құтқарушы болғым келеді.

– Жаңа ғана анау үлкен ақ машинаның ішіне кіріп шықтым. Ондағы ағай көлік жайлы айтып берді.

Ашық есік күні мұнымен аяқталған жоқ. Даладағы шағын экскурсиядан соң оқушылар нысан ішіне кірді. Мұнда жерлестеріміз мамандардың киімдерімен танысты. Тіпті, қызметкерлердің каска мен костюмдерін киіп те көрді. Айта кетейік, бұл шара №2 өрт сөндіру бөлімінде 19 қазан – құтқарушылар күніне байланысты өткізіліп отыр.

Данияр Әлімкин – Петропавл қалалық №2 өрт сөндіру бөлімінің бастығы:

–  Бүгінгі ашық есік күнінің негізгі мақсаты – балаларға өрт сөндірушілердің жұмысын таныстыру болып табылады. Тағы, түрлі қызметтік құрал-жабдықтарды көрсеттік. Бұл арқылы оқушылар қай затты, қандай жағдайда қолдану керектігін біліп жүретін болады. Одан бөлек, ұлдарды мамандардың ісіне қызықтырғымыз келеді. Олар болашақта біздің жолымызды қуып, осы салада еңбек етуді таңдауы мүмкін.

Шара соңында оқышалар қызықты шарадан естелік болсын деп, суретке түсті.

Байболат  Култанов