МТРА жаңалықтары

43 мың теріскейлік уақытында салық төлмеген

Қазанның біріне дейін барша қазақстандықтар иелегінідегі жылжымайтын мүлік үшін салық төлеуі тиіс болатын. Алайда, бүгінде міндеттерін уақытында орындамаған 43 мың теріскейлік бар. Олар мемлекеттік қазынаға 36 млн. теңге берешек болып қалған.

Тұрғын үй, гараж, саяжай мен жер учаскесі. Бүгінде осы және өзге де жылжымайтын мүлікке 167 мыңға жуық теріскейлік иелік етеді екен. Олардың барлығы жыл сайын мемлекетке салық төлеуге міндеттелген. Алайда, солтүстікқазақстандықтардың барлығы бірдей бұл шаруаны уақытында атқармайды. Мәселен, өткен жылғы салық, биыл қазан айының біріне дейін өтелуі тиіс болатын. Осы аралықта облыс бойынша қазынаға 124 мыңдай жерлесімізден барлығы 145 млн тенге қаражат түскен. Оның 80 пайызын жылжымайтын мүлік иелері төлесе, қалғанын жер учаскесі бар жерлестеріміз аударған.

Анар Әдиева – СҚО мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы:

–  Жалпы алғанда бүгінде өңірімізде 43 мың борышкер бар. Олар мемлекетке жылжымайтын мүлік пек жер учаскесі үшін 36 млн. тенге берешек. Күннен күнге бұл теріскейліктерге қарызының үстіне тағы өсімақы қосылуда. Бұған қоса, 2018 жылдың шілде айынан бастап екінші деңгейлі банктерде салықты уақытында төлемеген адамдарға шот ашылмайды.

Алайда, бұл жаңашылдық жәрдемақы және әлеуметтік төлемақыны алу үшін банктік шот ашатын қазақстандықтарға еш әсер етпейді. Дегенмен, жауапсыз борышкерлерге мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары осы айдың соңында хабарлама жібермек. Тұрғындарға қарызын өз еркімен өтеуге тағы 30 күн беріледі. Ал, одан кейін берешегі бар теріскейліктерге қатысты қолданылатын шара күшейтіліп, іс сотқа дейін жетуі мүмкін.

Анар Әдиева – СҚО мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы:

–  Теріскейліктер жылжымайтын мүліктеріне салынатын салық мөлшерін мемлекеттік кірістер комитеті мен электрондық үкімет сайтынан біле алады. Сондай-ақ, Петропавл қаласының тұрғындары үшін осымен 3 жылдай nalog.integro порталы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, дәл осы мағлұматты шаһардағы сауда үйлерінде орналасқан арнайы терминалдардан алу мүмкіндігі қарастырылған.

Жылжымайтын мүлікке салынатын салықты екінші дейгейлі банк пен қазпошта бөлімшесінде төлеуге болады. Сондай-ақ, бұл мақсатта мемлекеттік кірістер департаментінде қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Мұндағы төлем қабылдайтын терезе таңертеңнен бері келген теріскейліктерден босамай жатыр. Кезегін күтіп тұрғандардың арасында Вера Шадрина да бар.

Вера Шадрина – Петропавл қаласының тұрғыны:

–  Салықты жылда уақытында төлеуге тырысамын. Биыл Ресей Федерациясына қонаққа барып, оны кешіктіріп алдым. Елге оралғаннан кейін бірден осында келіп, қарызымды төлеп жатырмын.

Автокөлік иелерінің құлағына да алтын сырға! Жылжымалы мүлікке салынатын салықты үстіміздегі жылдың 31-ші желтоқсанына дейін төлеу қажет. Бұл міндет – өңіріміздегі көлігі бар 92 мың тұрғынына қатысты.

Эльмира Садвокасова