Спорт

Петропавлдықтар велошабандоз Алексей Луценконы қарсы алды

Велошабандоз Алексей Луценко қазанның 9-ы мен 14-і аралығында өткен “Түркия Туры” көпкүндігінде 2-ші орынға ие болды. 6 кезеңнен тұрған дүбірлі додаға әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 140 спортшы қатысыпты.

Міне, көптен күткен поезд да перронға келіп тоқтады. Теріскейліктер велошабандозды ыстық ықыласпен қарсы алып, қошеметтерін аямады. Жерлесімізді дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин құттықтап, оған биік шыңдардан көрінуін тіледі. Жалпы, Түркия Президенті атындағы велотур қазанның 9-ы әлемдегі ең көне шаһарлардың бірі – Коньяда басталып, 14-і күні Стамбул қаласында аяқталған болатын. Жарыс 6 кезеңнен тұрды. Нәтижесінде Алексей Луценко ұпай саны бойынша жалпы есепте 2-ші орынға тұрақтады.

Алексей Луценко – велоспорттан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Жарыстың алғашқы кезеңдерінде алдыңғы қатарда келе жаттым. Алайда, соңғы турда қарсыластарымнан аздап қалып қойдым. Ақтық сында испандық Эдвард Прадес 2-ші болып келді. Жалпы есеп бойынша екеуміздің ұпайларымыз бірдей болды. Бірақ, төрешілер испандық спортшыны жеңімпаз деп таныды. Жалпы, барлық жерлестеріме алғыс айтқым келеді. Қарсы алып, құрмет көрсетіп жатқандарына риза болдым.

“Түркия туры” додасына әлем бойынша 140 спортшы қатысқан. Олардың 8-і – біздің еліміздің намысын қорғады. Алдыңғы қатардан көрінгені тек Луценко ғана.

Владимир Парахин – велоспорттан олимпиадалық резервтегі БЖСМ директоры:

– Алексей – еңбекқор, өзіне сенімді әрі алдына мақсат қоя білетін спортшы. Оны жерлесіміз өзінің жеңістерімен дәлелдеп отыр. Мәселен, 2012 жылы Әлем чемпионы атанды. Ал “Түркия турында” 140-тан астам қатысушының арасынан 2-ші болып келді. Біз оның жетістіктеріне өте қуаныштымыз және әрқашан қолдап отыруға тырысамыз.

Енді велошабандоз алдағы уақытта желтоқсанның 5-і күні Испанияның Альтеа қаласында өтетін халықаралық деңгейдегі додаға дайындалмақ.

 

Молдир Макишева