ТЖ

Петропавлда өрт қауіпсіздігін түсіндіру бойынша рейдтік шара өтті

Петропавлда жыл басынан 150 өрт оқиғасы тіркелген. Осындай төтенше жағдайлардың алдын-алу мақсатында облыс орталығында қазанның 15-іне дейін бір ай көлемінде рейдтік тексерістер өткізілді. Шара барысында құтқарушылар 2 мыңнан астам жеке тұрғын үйлерді аралап, жерлестерімізге оқыс оқиғаларды болдырмау бағытындағы кеңестерін берді.

Ең алдымен теріскейлік төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мен ұлттық еріктілер желісінің өкілі Абылай Кәрімов Ленинградское, 41 мекен-жайына бас сұқты. Мұнда 88 жастағы зейнеткер Василий Бакулин тұрады. Өкінішке орай, қарияның құлағы нашар естиді. Сондықтан, құтқарушылар өрт оқиғасының алдын-алуға шараларын оның қызы Антонина Юрькевичке жіті түсіндірді.

Ал мына үйде 90 жастағы Галина Ващенко тұрады. Соңғы жылдары нәзік жанды төсек тартып қалыпты. Осы уақытқа дейін жалғыз өзі тұрып келген зейнеткерді бүгіндері оның ұлы күтіп жатыр.

Галина Ващенко – қала тұрғыны:

 – Үйіме қонақтар келгенде қуанамын. Өйткені, өзім жалғыз тұрамын. Біреу-мінеу келсе бір уақыт сөйлесіп, көңілім орнына түседі.

Сондай-ақ, өрт оқиғаларының алдын алуға бағытталған шара аясында мамандар “Береке” ықшам ауданында тұратын Валентина Малежниковаға да келді. Мұнда мамандар зейнеткерге газ және электр қондырғыларын дұрыс пайдалану ережелерін тағы бір еске салды.

Жанат Жумажанов – Петропавл қалалық төтенше жағдайлар басқармасының инженері:

– Шаһарымызда 15-ші қыркүйек пен 15-ші қазан аралығында өрт қауіпсіздігіне байланысты рейдтік шара өткізілді. Бір ай көлемінде 2 мыңнан астам жеке тұрғын үйдің иелерімен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бұдан бөлек, өрт сөндіру бөлімінде экскурсиялар мен викториналар ұйымдастырылды. Біз мектептерді аралап, лекциялар оқыдық.

Жалпы жыл басынан бері өңір аумағында 150 өрт фактісі тіркеліпті. Оның салдарынан 10 теріскейлік көз жұмып, 46 млн теңгенің материалдық шығыны келген. Айта кетсек, оқыс оқиғалардың басым бөлігі баспана иелері ащы суға тойып алған кезде орын алыпты.

 

Тогжан Акмагамбетова