Тұлға

Қожаберген жыраудың туғанына – 355 жыл

“Қожаберген жырау – тәуелсіздіктің, қазақ мемлекетінің және халық бірлігінің символы”. Бүгін Петропавлда осындай атаумен дауылпаз бабаның туғанына 355 жыл толуына орай республикалық ғылыми конференция өтті. Алқалы жиынға еліміздің әр қырынан жиылған көрнекті ғалымдар, тарихшылар, әдебиеттанушылар мен белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты.

Республикалық конференция М.Қозыбаев атындағы СҚМУ 1-ші оқу корпусының фоесінде басталды. Мұнда Қожаберген Толыбайұлының туғанына 355 жыл толуына орай кітап көрмесі ұйымдастырылды. Осы жерге келушілер сөреге қойылған туындыларды парақтай отырып, көрнекті қайраткердің өмірімен, еңбектерімен жіті таныса алды. Кейін, шара қатысушылары акт залына кіріп, алқалы жиын ашылды. Алдымен, дүйім жұрт алдына облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет шығып, өңір жетекшісі Құмар Ақсақаловтың құттықтау хатын оқып берді.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

– Қожаберген жырау Толыбайұлын жерлестері лайықты түрде мақтан етеді. Ол қазақтың екі ханы Тәуке мен Абылайдың жыраулылығымен, батырлығымен ерекшеленген. Сардар, елші, қолбасшы, ордабасы тіпті хан кеңесшісі де атанған.

Құттықтау сөзінен соң, Мадияр Қожахмет республикалық конференцияға еліміздің әр қырынан ат терлетіп келген 7 азаматты марапаттады. Оларға Қожаберген жыраудың өмірі мен шығармашылығын зерттеуге қосқан үлестері үшін СҚО әкімінің Құрмет грамоталарын тапсырды.

Кейін, кезек құрметті қонақтар әзірлеген баяндамаларға берілді. Мінберден сөз алған әрбір мейман салиқалы ойларын, тарихи деректерін білдірді. Мәселен, Білім және ғылым министрлігінің “Мемлекет тарихы” институтының директоры Бүркітбай Аяған жыраудың шыққан тегін баян етті.

Бүркітбай Аяған – ҚР БҒМ ҒМ “Мемлекет тарихы” институтының директоры, профессор:

– Қожаберген Толыбайұлы 1663 жылы туылып, 1763 жылы өмірден өтті. Бірақ, тарихта мәңгілік қалды. Жырау Орта жүздің Керей руы ішіндегі Ашамайлыдан шықты. Қожаберген жырау жас кезінде Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы ұрпақтарының қолында өсіп, Үргеніш, Бұхара, Самарқанд медресселерінде оқыған.

Тағы, Бүркітбай Аяған жыраудың 13 жасында ақындыққа бет бұрғанын, 25-інде жоңғарға қарсы қол бастағанын мәлімдеді. Шара барысында батырдың нағашы жұрты жайлы да мол мағлұмат айтылды. Ол туралды астаналық профессор Серік Негімов зерттепті. Азамат баяндама жасар алдында тарихи деректерге көп мән берген екен.

Серік Негімов – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.д:

– Қожаберген жыраудың нағашы жұрты кейде Алшын дейміз, кейде Төртқара дейміз, кейде Әлімшөмен дейміз жанағы Әйтеке би, Жалаңтөс баһадүр шыққан ел. Бұның бәрі біздің тарихымызда, орыс тарихында тұр.

Қазіргі уақытта 3 ғасыр бұрын өмір сүрген жерлесіміздің есімі алты Алашқа аян. Оны көпшілікке таныту мақсатында “Жеті жарғы және Қожаберген жырау” халықаралық қоғамдық қайырымдылық қоры ауқымды жұмыс атқарып жүр. Мәселен, аталған ұйым мүшелері осыдан 5 жыл бұрын Петропавлда біртуар перзенттің мүсінін орнату жайлы бастама көтеріпті. Міне, бүгін облыс орталығында ескерткіш ашылып отыр. Бұдан басқа да тындырылған шаруа жетерлік.

Бекет Тұрғараев – “Жеті жарғы және Қожаберген жырау” халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы:

– Осы күнге дейін 15 мың кітап шығарылды. Оның бәрі халыққа тегін таратылды.

Қордың алға қойған жоспары да бар. Түркияның Стамбул қаласында Қожаберген жырау жазған Елім-ай дастанының түпнұсқасы сақталып қалыпты. Міне, соны азаматтар алдағы уақытта алып келуді ойластырып жатыр екен. Конференция соңында да жерлесіміз жайлы тың деректер молынан айтылды. Әсіресе, оның шешендік өнерге жақын болғаны туралы көп баяндалды.

 

 

Култанов Байболат