Тұлға

Ер есімі – ел есінде

Ер есімі – ел есінде. Кеңес Одағының Батыры Әбу Досмұхамбетовтың майданда ерлік жасап, қаза тапқанына биыл 75 жыл толып отыр. Бүгін Петропавлда жауынгерге арналып конференция ұйымдастырылды.

1943 жыл қазан айы. Украина елінің Чернобыль қаласы. Неміс фашистері мен кеңес әскерінің екі аптаға созылған қанды шайқасы. Сол кезде 229-шы атқыштар полкінің рота командирі Әбу Досмұхамбетов 23 жаста. Жауынгер әлі талай ұрыстарға қатысып, Германияның Рейхстагына ту тікпек арманда. Алайда, шабуылдарды күшейткен жау қолын тоқтатуға не техникасы, не әскері қалмай қалады. Сонда командир ойланбастан гранатаны өзіне іліп, танкке бет алған. Осылайша, 43 жылы қазанның 6-сына қараған түні батыр қаза табады. Бүгінде жауынгердің ерлігі – барша қазақстандықтардың аузында.

Қаза тапқаннан кейін Әбу Досмұхамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бүгінгі отырыста есімі мәңгі өшпес сарбаздың қамшының сабындай ғана ғұмыры жайлы баяндалуда. Ділнәз Елжасова сарбаздың өмірімен жіті танысып, оны біршама уақыт зерттепті.

Ділнәз Елжасова – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы:

– Әбу Досмұхамбетов көп қиындық көрген. Оның балалық шағы жа ауыртпашылыққа толы болыпты.

1980 жылы Әбу Досмұхамбетовтың есімі облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатқа берілді. Ал, 2008 жылы білім ошағының алдында батырға арналып бюст орнатылған.

Жақсылық Есенғалиева – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты директорының орынбасары:

– Біздің мектепке Әбу Досмұхамбетовтың аты берілген уақыттан бері оқушылар мен ұстаздар қауымы оған сай болуға тырысып келеміз. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Жыл сайын тау тұлғаға арнап түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз.

Шараға Әбу Досмұхамбетовтың немере інісі Сейілбек Башимов те қатысуда.

Сейілбек Башимов – Әбу Досмұхамбетовтың немере інісі:

– Соғыс аяқталғаннан кейін 1966 жылы ағамның сүйегін жергілікті пионерлер тауып, ол туралы отбасымызға хабар берген. Кейін анасы мен інісі Украина жеріне барды. Сөйтіп, денесі қайта жерленді. Қазір Чернобыльдың дәл сол аймағы АҚШ-тарына берілмек. Олар атом энергия станциясында орын алған жарылыстан қалған қалдықтарды жерге көмбек ниетте екен. Сондықтан, ағамның сүйегін туған жеріне әкеліп, жерлегім келеді.

Азамат бұл істе жергілікті билік өкілдерінің қолдау көрсетуін сұрайды.

Эльмира Садвокасова