Экология

Қалауын тапса, қалдық та пайдаға жаратылады

Қалауын тапса, қалдық та пайдаға жаратылады. Петропавлда тозығы жеткен электрондық техникаларға арналған контейнерлер орнатылуда.

Қазір өркениетті мемлекеттер табиғатқа зиян келтірмеудің жолдарын іздестіруде. Соның бірі – қоқысты бөліп тастау жүйесі. Бұл жоба шамамен екі жыл бұрын біздің шаһарда да қолға алынған болатын. Қазір тұрғындардың көпшілігі қағаз, пластик, шыны, қаңаылтырды бөлек-бөлек лақтыратын болды. Бұл бастама қоқыстарды қайта өңдеп, кәдеге жаратуға мүмкіндік туғызып отыр.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Қоқыс та, қалдық та пайдаға жаратылуда. Петропавлда ескі тұрмыстық техникаға арналған мынадай контейнерлер орнатылуда. Осылайша, үйіңізде шаң басып тұрған электрондық құрылғылардан экологияға зиян келтірмей құтылуға болады.

Бүгінде мұндай жәшіктердің қаламызда он шақтысы бар. Олардың алтауын «Промотход Қазақстан» кәсіпорны орнатса, қалған үшеуі Вторресурс серіктестігіне тиесілі. Соңғылары контейнерлерді әзірге тек жанар-жағармай бекеттерінің маңайларына қоюда. Мамандардың сөзінше, бұл қалалықтар үшін ыңғайлы болмақ.

Талғат Әбілов – «СКО Вторресурс» ЖШС директоры:

– Жыл соңына дейін біз тағы 27 жәшікті орнатуды көздеп отырмыз. Электрондық техниканың барлығын қабылдаймыз. Яғни, қарапайым сымнан бастап тоңазытқыштарға дейін әкелуге болады. Айта кеткен жөн, үлкен қондырғыларды қалалықтардың үйінен алып кету қарастырылған. Ол үшін біздің серіктестікке хабарласу қажет.

Алдағы уақытта жәшіктің біреуі қалалық сапаржай аумағында да пайда болады.

Орлов Владислав – СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

– Қазіргі уақытта экологиялық кодекс бойынша электрондық құрылғылардың қалдықтарын қоқыс полигондарына лақтыруға тыйым салынуда. Сондықтан да бүгінде оларды бөліп салу ісі мықтап қолға алынып, арнайы жәшіктерді орнатып жатырмыз. Мәселен, 3 апта бұрын қойылған “Промотход” серіктестігінің контейнерлеріне шаһар тұрғындары 800 келіге жуық техника қалдығын тастаған.

Қоқысқа айналған бұл электрондық техникаға екінші өмір сыйланбақ. Дәлірек айтқанда, құрылғылар бөлшектеніп, ішінен әлі қолдануға жарайтын қара және түсті металдар, пластик түрлері, шыны, сымдар алынады. Қайталама шикізат Алматы қаласына жіберіліп, пайдаға жаратылады екен.

 

Эльмира Садвокасова