Мәдениет

Жергілікті әртіс Людмила Шалаеваның бенефисі өтті

Николай Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Людмила Шалаеваның бенефисі өтті. Оның жергілікті сахна төрінде өнер көрсетіп жүргеніне 20 жыл толып отыр. Көрермен бұл күні актриса қатысқан “Жених поневоле” спектаклі мен талант иесінің құрметіне ұйымдастырылған шағын концертті тамашалады.

Әзіл шыны аралас “Жених поневоле” қойылымы – Александр Галиннің “Ретро” пьесасынан алынған үзінді. Қойылым Николай есімді қария және оның қызы мен күйеу баласының өмірін бейнелейді. “Жалғыздық құдайға ғана жарасқан”, – осыны ескерген жастар қартқа көңіліне жақын серік іздестіріп жүр. Қарияға ұсынылған 3 қалыңдықтың бірі балеринаның рөлін театрының тіс қаққан әртісі Людмила Шалаева сомдауда. Бүгінгі сый-құрметтің барлығы осы жанға арналған. Өнер майталманының жергілікті өнер ордасында тер төгіп жүргеніне 20 жылдың жүзі болыпты.

Людмила Шалаева – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының әртісі:

– Көрерменнің қошеметінен ләззат аламын. Сахнада еңбек еткелі бері қарап тұрсам 50-ден астам қойылымдағы рөлдерді сомдаппын. Бойымда күш-қуатым барда әлі бірнеше спектакльде ойнағым келеді. Сондай-ақ соңымнан ілескен талант иелеріне бағыт- бағдар беріп отыруды да парызым санаймын. Өйткені біздің жолымызды жастар жалғастырады.

2 сағаттық қойылымға келген көрермендердің арасында, өнер иесімен бұрыннан таныс замандастары аз емес. Олар тума талант иесі кез-келген кейіпкер образын шебер ашатын қасетке ие дейді.

– Людмиланың бойында барлық актерлерде кездесе бермейтін қасиет бар. Әріптесімнің мерейтойына ортақтасу мен үшін үлкен бақыт. Мен онымен осы театрда 15 жылдай еңбек еттім. Ол өз ісінің нағыз шебері.

– Людмила Шалаеваның өнер саласында бағындырған белестері аз емес. Ол кісіге шығармашылық табыс, отбасының амандығын тілеймін. Сомдаған бірде-бір рөлі көрерменді бей-жай қалдырған емес.

Қызықты спектакльден соң, театрға жиналған жерлестеріміз “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісінің иегері Людмила Шалаеваның құрметіне арналған мерекелік бағдарламаны тамашалады. Шарада өнер майталманының еңбек жолынан бейнефильм көрсетілді. Ал соңынан мерейтой иесіне облыс әкімінің атынан құрмет грамотасы мен гүл толы себет табысталды.

 

 

Бахыт Садвокасов