Спорт

Жазғы ат спорты маусымы салтанатты түрде жабылды

Сенбі күні Бескөл ауылында орналасқан “Құлагер” ипподромында облыстық жазғы ат спортының маусымы жабылды. Салтанатты шарада бәйге десе ішкен асын жерге қоятын ағайын күннің суығына қарамастан тұлпарлардың түрлі қашықтықтағы жарысын тамашалады. Бұл дүбірлі додада өңіріміздің 12 ауданынан әкелінген жалпы саны 50-ге жуық сәйгілік сынға түсті.

Жазғы маусымның жабылу салтанатына теріскейлік тақымдары тастай мықты атбегілер жиылды. Олар қазір ащы тері алынған, құлақтарын қайшылаған жануарлардың денелерін қыздырып жүр. Көп ұзамай делебе қоздырар жарыс та басталды. Алдымен көрермен қауым “ұшқыр бәйгені” көрді.

Аталған сайысқа желдей жүйрік 4 тұлпар қатысты. Олар 2 шақырым 400 метрге шапты. Шашасына шаң жұқпайтын сәйгіліктердің ішінде Дмитрий Волков тізгіндеген “Геркулестің” бағы жанды. Ол белгіленген қашықтықты 2 минут 31 секундта еңсеріп, мәреге бірінші келді.

Дмитрий Волков – атбегі, Қызылжар ауданы:

– Жарыс қиын болды деп айта алмаймын. Белгіленген 2 шақырым 400 метрді оңай шауып өттім. Тақымдаған жылқым Геркулес – 4 жаста. Онымен бұған дейін бірнеше додада топ жардым. Тіпті, Астана қаласында өткен бәйгеде автокөлік ұттым. Өзім бала жастай тізгін ұстаймын. Ат спортымен айналысқаныма 18 жыл болды.

Кейін, ортаға 2 жастағы орыстың желіс аттары шықты. Бұл топқа жататын тұлпарлар 1 шақырым 600 метрде бақтарын сынады. Аталған сайыста жеңімпаз мәреге жетпей-ақ анықталды. Ол – “Прайд” есімді жүйріктің сауырына қамшы басқан аққайыңдық Евгений Чибисов.

Евгений Чибисов – атбегі, Аққайың ауданы :

– Жануарым өту жуас, тіл алғыш. Биыл міне 2 жасқа толып отыр. Айта кетейін, бұл тұлпарымның алғашқы жарысы. Сәйгүлігім бірінші бәйгесінде-ақ артқан сенімді ақтады. Мәреге бірінші келіп, барлығымызды қуантты.

Бұдан соң, 7 шақырымды құрайтын жорға жарыс пен құнан жарыс та өтті. Жалпы, жиналған аттардың 10 түрлі қашықтықтағы додасын көрді.

Ольга Патошкина – жарыстың бас төрешісі:

– Жазғы ат спортының жабылу салтанатына 12 ауданнан келген атбегілер қатысып отыр. Бәйгеге қосылған жылқылардың саны 50-ге жуық. Сәйгүліктердің барлығы таза қанды саналады.

Шара соңында жүлдегер атанған атбегілер медаль, кубок және бағалы сыйлықтармен мараптталды.

Култанов Байболат