Денсаулық сақтау

Сүт безінің қатерлі ісігін алдын алу

Қазақстанда әйелдер денсаулығын қорғау науқаны басталды. Оның аясында маммологтар тұрғындарды медициналық ұйымдарға қаралуға шақырып жатыр. Өйткені, онкологиялық аурулардың ішінде өкпе обырынынан кейінгі екінші орында сүт безінің қатерлі ісігі тұр.

Онкологтардың сөзінше, сүт безінің қатерлі ісігіне негізінен 40 жастан асқан нәзікжандылар шалдығады. Бірақ көпшілігі сүт безінде қатерлі ісіктің пайда болғанын айлап, тіпті жылдап сезбейді. Кейін ауру асықынғанда, дерттің үшінші, төртінші сатысында дәрігердің көмегіне жүгінеді.

Рашид Алиев – облыстық онкологиялық диспансерінің онколог-маммолог дәрігері:

– Сүт безін толығымен алып тастаған күннің өзінде омырауды қалпына келтіруге болады. Қазір медицина көш ілгері дамыған. Пластикалық операция жасау мүмкіндігі бар. Бірақ пациентте отаға қарсы көрсетілімдер болмауы тиіс. Мысалы, сәулелік терапия жасатқандар, пластикалық операцияға жүгіне алмайды.

Омыраудағы ісік уақтылы анықталмағандықтан ұлғая береді. Мұны болдырмау үшін скринингтерден жиі өтіп тұрған дұрыс дейді дәрігерлер.

Олег Дудяк – облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігерінің орынбасары:

– Омырау ісігі – тұқым қуалайтын дерттердің бірі. Үйлеріңізде әжелеріңіз, аналарыңыз немесе әпкелеріңіз осы ауру түріне шалдыққан болса, сіз де тексеріліңіз. Дәрігерлерге ұдайы қаралып тұрған дұрыс. Емшектегі қатерлі ісік неғұрлым ерте сатысында анықталса, оны 98 процентке дейін емдеп жазу мүмкіндігі бар.

Жыл сайын еліміз бойынша үш мыңға жуық әйел осы дертке шалдықса, 3/1-і аурудың асқынып, емделмеуі салдарынан көз жұмып жатады.

Берік Қасен