Балалар

СҚО-да “Самрұқ” байқауына өтініштер қабылдануда

Облыста “Самрұқ” байқауына қатысушылардың өтініштері қабылданып жатыр. Аталмыш конкурсқа спорт, мәдениет, білім, өндіріс сынды салаларда еңбектеніп жүрген жерлес жастар қатыса алады. Байқау барысында үміткерлердің жыл басынан өз ісінде жеткен жетістіктері сараланбақ.

“Жыл спортшысы”, “Жыл таланты”. Дәстүрлі “Самрұқ” байқауында әдеттегідей
өз саласында табысқа жеткендер анықталмақ. Аталмыш конкурсқа түрлі сала мамандары қатыса алады. Өнер адамдары да, зауыт еңбеккерлері де өтініш беріп, өз категорияларында бақ сынайды.

Дархан Теміртас – “Жас ұлан” бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы” ҚБ төрағасы:

– Бізде “Жыл батыры” деген номинациясы бар. Оған Ішкі істер және Төтенше жағдайлар департаменттерінің мамандары қатыса алады. Сондай-ақ, байқауда “Жыл шебері” номинациясы қарастырылған. Бұл аталымға зауыт, фабрикаларда жұмыс істеп жүрген жастардан өтініштер қабылдаймыз.

Бюджеттік және мемлекеттік органдардың жас қызметкерлерін ынталандыру мақсатында конкурсқа “Жас қызметкер” аталымы да енгізіліпті. Осы күнге дейін барлығы 50 үміткерден өтініш қабылданыпты.

Ирина Тухватулина – СҚО жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы:

– Бұл байқауда ауылды жерлерде тұратын жастар да бағын сынай алады. Мұнда өзін-өзі ұсыну да қарастырылған. Кәсіпорындардан келіп түскен ұсыным хаттарды да қабылдаймыз. Конкурс жайлы хабарландырулар барлық әлеуметік желілерде бар.

Мұндағы шектеу – үміткерлердің жасы ғана. 29-дан асқан мамандар байқауға қатыса алмайды. Тұрғындардың сұрауы бойынша өтініштерді қабылдау мерзімі қазанның 21-іне дейін ұзартылған. Ал жеңімпаздар мен жүлдегерлер қараша айында белгілі болады. Топты жарып шыққандарға ақшалай сыйлықақы қарастырылыпты.

Берік Қасен