Қоғам

Петропавлда облыстық “Покров мерекесі” фестивалі өтті

Петропавлда дәстүрлі “Покров мерекесі” облыстық фестивалі өтті. Дәстүрлі шараға келген облыстағы 20-дан аса өнер ұжымы, орыс мәдениетінен сыр шертер әндерді орындады.

Славян халықтарының “Покровский перезвон” фестивалі, өлкемізде осыменен 12-ші жыл ұйымдастырылып отыр. Дәстүрлі шараға өңір аудандары мен шаһарды қоса алғанда 20 шақты өнер ұжымы келіп отыр. Жастар сарайына жиналған жерлестерімізді көңілді мереке – славян мәдениетінің фестивалімен Петр мен Павл соборының протоиерейі Сергий құттықтады.

Сергий – Петр мен Павл әулие апостолдары соборының протоиерейі:

– Покров мерекесінің шығу төркіні сонау 10-шы ғасырдағы діни салттармен байланысты. Бүгінде сол дәстүрлерден жаңылмай келеміз. Тіпті Құдайға құлшылық етушілер саны артуда. Баршаңызды осы мерекемен құттықтаймын.

Фестиваль – орыс және славян халықтарының салт-дәстүрін, өмір салтын ұлықтап, паш ететін маңызды шара. Бауырлас ұлттың покров мейрамын жылдың осы мезгілінде өткізуінің өзіндік ерекшелігі бар. Халық нанымы бойынша бұл күні жерге ақ ұлпа түссе, алдағы қыс жайлы болады деген сенім бар.

– Қар ерте жауса, қыс ерте келеді. Суық күндер аз болады. Қар мол жауады.

– Осы күні қараралас жаңбыр немесе ақ ұлпа жауады. Бүгін нағыз покров күні.

Айта кетейік, осы жолғы фестивальдің тақырыбы – Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумына арналып отыр. Кеште татулығы жарасқан ұлттардың бірлігі әнге қосылып, үздік шығармалар орындалды. Игі шарадан “Русская община Казахстана” ҚБ мүшелері де шет қалмады.

Владимир Ивашкин – “Русская община Казахстана” СҚОФ басқарма мүшесі:

– Өкінішке қарай биылғы мерекеге ресейлік өнер майталмандары келе алмады. Фестиваль халық шығармашылығын дамытатын, ұлттар мәдениетін бір сахнада табыстыратын шара. Мереке діни сипатқа да ие. Осы кезде барша христиандықтар Құдайға құлшылық жасайды.

Бахыт Садвокасов