Әр түрлі

Петропавлда мысықтардың халықаралық көрмесі өтті

Петропавлда мысықтардың дәстүрлі байқау-көрмесі өтті. Мұнда қазылар алқасы жануарлардың сырт келбетін, дене бітімінің өлшемдерін салыстырып, түрлі номинациялар бойынша жеңімпаздарды анықтады.

Көрмеде экзотикалық, парсылық, британдық, бенгал, мейнкун сынды мысықтардың 60-тан аса түрін кездестіруге болады. Мұндағы сыланып-сипанған кербез үй жануарларының кез-келгені ерекше күтім көргені байқалып-ақ тұр. Сондықтан араларынан жеңімпазды анықтау қиынға соғады.

Тоғжан Ақмағамбетова – тілші:

 – Бұл “Кензо” атты британдық қысқа жүнді мысық. Бүгіндері 3,5 жастағы үй жануарының салмағы 8 келіге жуықтап тұр. Ал, құны – 100 мың теңгеге бағаланып отыр.

Сирек кездесетін төрт аяқтының салмағы өсе келе 10 келіге жетіп, олар орташа есеппен 15 жасқа дейін өмір сүреді екен. Қазіргі таңда аталған мысықтар жерлестеріміздің жоғары сұранысына ие.

– Маған британдық және мейнкун мысықтары өте қатты ұнады. Үйімде сұр түсті британдық марғау бар.

– Біз жыл сайын төрт аяқты үй жануарларының көрмесін тамашалаймыз. Осы жолғы шараға отбасымызбен келіп отырмыз. Біз өзіміз британдық мысықтарды жақсы көреміз. Өз үйімізде де оны ұстаймыз.

Байқауда “Афродита” есімді мысықты та көзге бірден түседі. Американдық кёрлдың өзге үй жануарынынан негізгі ерекшелігі – бұдырлы құлағында. Асыл тұқымды бұл төрт аяқты да әлемде өте сирек кездеседі. Сондықтан да, олардың бағасы арзан емес. Шет елдерде береуінің құны 2-3 мың долларға дейін жетеді.

Ольга Кабичева – “Ишим-Кабул” питомнигінің иесі:

– Бұл – менің питомнигімдегі ең кәрі мысық. Оның жасы 10-да. Бүгін ардагерлер санатында өнер көрсетудеміз. Бұған дейін, түрлі халықаралық байқауларда көптеген титулдардың иегері атанған болатын.

Мына жерде мейнкун мысықтарының арасындағы үздіктері анықталып, жеңімпаздар марапатталуда.

Көрмеге қатысушы мысықтардың әр тұқымына халықаралық стандарт бекітілген. Осыған сәйкес, қазылар алқасы жануардың түгінің түсі мен жүнінің үлпілдігіне дейін тексеріп, тіпті дене бітімінің өлшемдерін салыстырады.

Светлана Фламова – “Маркиза” петропавл әуесқой мысық өсірушілерінің клубының президенті:

 – Біз қазір мейнкун мысықтарының ішінен үздіктерін таңдап жатырмыз. Олардың құлақтары үлкен, жүндерінің ұзындығы орташа, бірақ құйрықтары ұзын болу керек. Ал, британдықтарда бастары домалақ, мұрны қысқа, құлағы орташа өлшемді, жүні қысқа, жұмсақ болуы қажет.

Айта кетсек, бұл жолғы көрмеге төрт аяқты үй жануарлары Петропавл мен Ресейдің Омбы қаласынан әкелінді.

Тогжан Акмагамбетова