Спорт

Петропавлда маутинбайктан облыс чемпионаты өтті

Демалыс күндері Петропавлда маутинбайктен облыс чемпионаты өтті. Тартысты додаға 90-ға жуық велошабандоз қатысты. Олар жас ерекшеліктеріне байланысты 2 топқа бөлініп, сәйкесінше 18 және 20 айналымда үздіктерді анықтады.

Мына жерге велоспорттың маутинбайк түріне ден қойған жасөспірімдер жиылған. Олар жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөлініп сынға түсті. Алғаш болып жарыс жолына балғын спортшылар шықты. Арасындағы ересектерінің жасы – 13-те. Бұл желдей жүйрік өрендердің ішінде Мансұр Бейсембай да бар. Биылғы мауысым Мансұр үшін нәтижелі болған екен. Ол дәл осы спорт түрінен бірнеше жарысқа қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Ал бүгінгі додада жеткіншек бір топ баланың ішінен екінші болып мәреге жетті.

Мансұр Бейсембай – жарысқа қатысушы:

– Бүгінгі жарысқа біраз дайындалдым. Дегенмен, мәреге бірінші болып келген қарсыласым менен мықты болып шықты. Алдағы уақытта, күнделікті жаттығып, біздің жерлесіміз А.Винокуров сияқты чемпион болғым келеді.

Бұл жеткіншектер барлығы 18 айналымды жүріп өтті. Олардың арасынан топ жарған спортшыларға сыйлықтар мен медальдар табысталды.

Ендігі кезек – ересек топқа кірген жасөспірімдерде. Олар жарыс жолын 20 мәрте айналып өтулері тиіс. Осы топтың ішіндегі мықты спортшылардың бірі – Владимир Мулагалеев. Республикалық жарыстардан әрдайым жүлдемен оралатын жасөспірімнің алға қойған мақсаттары биік.

Владимир Мулагалеев – жарысқа қатысушы:

– Басында өз күшімді сынағым келді. Кейін жақсы нәтижелер көрсете бастадым. Сөйтіп бар күшімді салып, 18 жасымда “Вино форевер” құрамасында өнер көрсеткім келеді. Бүгінгі жарысқа жақсы дайындықпен келдім. Көш бастаймын деген ойдамын.

Маутинбайк – велоспорт бәсекелерінің ішіндегі ең қауіптісі, әрі ең қиыны. Себебі шабандоздар түрлі кедергілері бар жолдармен ғана жүрулері тиіс. Соған қарамастан, аталмыш спорт түріне қызығушылық танытатын жастардың саны жыл сайын артуда.

Владимир Парахин – жарыстың бас төрешісі:

– Бүгін маутинбайктен облыс чемпионаты өтуде. Екі күнге созылатын додаға қатысуға 90-ға жуық спортшы ниет білдірді. Бірінші күні жастар кросс-кантри олимпик сайысында сынға түседі. Доданың мақсаты – облыс құрамасынан алдағы республикалық жарыстарға қатысатын спортшыларды іріктеу.

Айта кеткен жөн, маутинбайктен Республикалық жарыс қараша айында Алматы облысының Қапшағай қаласында өтеді. Онда өңір намысын 12 спортшы қорғамақ.

Ешкенова Дана