Әр түрлі

Бал жәрмеңкесі өтіп жатыр

Табиғи дәрумендерге бай, денсаулыққа пайдасы зор. Шаһарымызда Башқұртстандық бал жәрмеңкесі өтіп жатыр. Қала тұрғындарына көрші елдегі көшпелі омартадан жиылған тәтті өнімнің 20-ға жуық түрі ұсынылған.

Үстел бетіне жайғастырылғанның барлығы бал екеніне сену қиын. Мұнда оның 20-ға жуық түрі ұсынылған. Жәрмеңкеге келушілердің тәтті өнімнің көптігінен, тіпті көздері сүрінеді. Әрбіреуінің ерекше дәмдік қасиеті және шипасы бар. Алайда Татьяна Авдюкова үшін таңдау жасау қиын емес.

Нәзікжанды балдың ағзаға тигізер мол шипасынан хабардар. Сондықтан болар, жанұяның кішкентайлары ауру-сырқау дегенді білмейді. Ол үшін отбасы мүшелері пайдалы өнімді күнделікті таңертең тамақ алдында суға қосып жеуді дәстүрге айналдырған. Татьяна Авдюкова осы жолы өзімен сауда жасауға немересі Савелийді ертіп келген. Ол балды бір жасынан бері сүйіп жейді. Сондықтан, әжесіне таңдау жасауда көмектеспекші.

Татьяна Авдюкова – Петропавл қаласының тұрғыны:

– Шаһарымызға Башқұрстаннан бал әкелінгенін естідік. Осылайша өзіме керегін таңдап, екі түрін алған болатынмын. Олар жүрек пен қалқанша безіне өте пайдалы. Бір жегеннен-ақ, әсерін сезіндім. Жүрегімнің соғысы ретке келе бастады. Бүгін міне жөке, қараған мен алатікен балдарын алдым. Балаларым мен немерелеріме ұнайды деген сенімдемін.

Жүрек, бауыр, бас аурулары мен тұмау кезінде бал теңдесі жоқ антибиотик рөлін атқарады. Мәселен, ара желімі қосылған жөке балы асқазан және ішек ауруларын емдеуге септеседі. Бұл, әдеттегі шайға қосып жейтін тәтті өнім емес. Сырқаттанған кезде оны күніне 2-3 рет тамақ ішер алдында қолдану қажет.

Анастасия Екимова – сатушы-кеңесші:

– Қарақұмық балының адам ағзасына пайдасы мол. Ол бауырды тазартып, гемоглобин деңгейін көтереді. Сондай-ақ, буын ауруларынан зардап шегіп жүргендерге де шипасы көп. Себебі, өнім сүйектің беріктігін арттырады. Тұмауды да емдеуге септеседі. Айта кеткен жөн, денсаулықты жақсартып, иммунитетті нығайту үшін ара шаруашылығының қай өнімін болмаса да, кемінде 1 ай бойы үздіксіз пайдалану керек.

Ал, мына жақта гүл тозаңы мен алатікен тұқымдары бар. Соңғысын үгітіп, күніне үш рет тамақтану барысында қолдану қажет. Ол бауырдан улы заттарды шығарып, ағзаны тазартады. Тіпті, зат алмасуды жақсартып, артық салмақтан арылуға көмектесетін көрінеді. Тәтті тауарды сатып алып, отбасыңызды қуантамын десеңіз жастар сарайына асыққан жөн. Бал жәрмеңкесі қаламызда қазанның 23-іне дейін жалғаспақ.

Эльмира Садвокасова