МТРА жаңалықтары

Теріскейліктер Елбасы жолдауын талқылады

Облысымызда Елбасы жолдауы қызу талқылануда. Стратегиялық құжатты М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де өңірлік партиялардың және кәсіподақ ұйымдарының өкілдері жіті талдап, өз ойларын білдірді.

Жолдау әр қазақстандықты, әр саланы қамтыды. Бүгін университет қабырғасына да түрлі мамандық иелері жиналған. Олардың әрқайсысы шарада сөз алып, жолдауға байланысты өз ойларын білдірді. Облыстық аумақтық кәсіподақ бірлестігінің төрағасы Ерік Нұрақаев өз сөзінде әлеуметтік мәселелерге тоқталып, төменгі жалақы көлемінің 1,5 есеге артуы, адами капиталды дамыту және мұғалімнің мәртебесін көтеру бастамалары көп ұзамай өзінің өң әсерін беретінін атап өтті. Бұл орайда, кәсіподақтар да алдағы жұмыстарын жолдау жүктеген міндететер аясында жоспарлаған.

Ерік Нұрақаев – “СҚО кәсіподақ орталығы” аумақтық кәсіподақ бірлестігінің төрағасы:

– Алдағы жоспарларымыз ауқымды. Оның ішінде барлығы қамтылған. Білім беру, денсаулық саласы, спорттық алаңдар жасау, жастар мәселесі. сондықтан, біз кәсіподақтар осындай комиссиялардың құрамына еніп, соны бақылауға алуға тиіспіз.

Елбасымыз алдымыздағы жылды – жастар жылы деп белгіледі. Осыған орай жалынды жастарға артылып отырған міндет зор. Бүгінгі жиынға қатысып отырған облыстық “Жас Отан” жастар қанатының төрағасы Абылайхан Қайроллаев бұл идеяны қолдап, бірқатар шараларды жүзеге асыруға көшкен. Солардың бірі – “English for Zhastar” жобасы. Қазіргі таңда бұл проект өңіріміздің 6 ауданында пилоттық режимде іске қосылыпты.

Абылайхан Қайроллаев – “Жас Отан” ЖҚ СҚОФ төрағасы:

– Ендігі жылы бұл жоба барлық аудандарды қамтиды деп ойлаймыз. Оның негізгі мақсаты – өскелең ұрпаққа ағылшын тілін үйрету. Одан бөлек, Жас Отан жастар қанатының мобильдік бағдарламасы іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Жиын соңында спикерлер Елбасы жолдауының тиісті деңгейде орындалуы үшін өңір тұрғындарының арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізетіндерін айтып өтті.

 

 

Молдир Макишева