МТРА жаңалықтары

Теріскейлік судьялар 9 айлық жұмысын қорытындылады

Теріскейлік судьялар 9 айлық жұмысын қорытындылады. Жиында мамандар жұмыс барысындағы олқылықтарды сөз етіп, қызмет сапасын арттыру жолдарын қарастырды. Сондай-ақ, Елбасының жолдауы аясында атқарылатын шаруаны да сөз етті.

Ел тұрғындарының сот жүйесіне деген сенімі әлі де төмен деңгейде. Сондықтан, бұл сала түбегейлі реформаларды талап ететінін өз жолдауында Елбасы Н.Назарбаев атап өткен болатын. Аталған бағытта қолға алынған бастамалар мен жобалар аз емес. Мәселен, қазір істердің басым бөлігін судья қарауына дейін шешу тенденциясы қалыптасқан. Себебі, жыл сайын 4 миллион қазақстандық сот процесіне тартылады екен. Бұл мақсатта қыруар қаржы әрі азаматтардың уақыты жұмсалады. Сол себепті бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде медиация орталықтары жұмыс істеуде. Петропавл қаласы №2 сотында биыл екі жақтың келісімімен 180 іс шешіліпті.

Арай Әбілмәжінова – Петропавл қаласы №2 сотының судьясы:

 – Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап сотымызда медиация орталығы жұмыс істеуде. Оның арқасында бірқатар істерді сотқа жеткізбей шешу мүмкіндігі туындап отыр.

Осылайша, өңір судьяларына түсетін жүктеме азайып келеді. Мәселен, облыс бойынша қаралатын қылмыстық істердің саны өткен жылмен салыстырғанда 10,4 пайызға азайыпты. Яғни, биыл бұл көрсеткіш 1679-дан 1505-ке дейін төмендеген.

Владимир Кириленко – Облыстық соттың азаматтық істер бойынша сот алқаларының төрағалары:

– Сот ісін электрондық түрде жүргізу де қолға алынуда. Мәселен, бастапқы жарты жыл ішінде 70 қылмыстық іс қаралса, 3-ші тоқсанның өзінде ғана бұл көрсеткіш 117-ні құрауда. Алдағы уақытта да бұл жұмысты күшейтетін боламыз.

Барлық сот отырыстары бастан-аяқ жазылып, қорда сақаталады. Бұл фемида өкілдерінің жұмысы мен шығарылған үкімнің әділдігін қадағалауға септеседі. Материал тек шешімге түсірілген шағымды қарау барысында ғана емес, сондай-ақ, судьяның өзіне де арызданған уақытта пайдаланылады. Соңғысымен арнайы өтініштерді қарау тобы жұмыс істейді. Азаматтар төрелік жасаған судьяның тек кәсіби шеберлігіне ғана емес, этикалық нормаларына да наразылық білдіре алады. Түскен әрбір арызды мамандар егжей-тегжейлі зерттеп, қарастырып, жауабын береді.

Юлия Иванова – облыстық сот судьясы:

– Судьялардың қызметіне қатысты биыл 8 шағым түсті. Былтырмен салыстырғанда 5 іске көп. Бірақ, азаматтар сот шешімімен емес, нақты төрешінің қызметіне күмән келтіреді. Мәселен, тұрғындар фемида өкілі істі тек біржақты қарады деп арызданып жатады. Алайда, әдетте сот отырысының барысын тексерген уақытта, теріскейліктердің бұл шағымдары негізсіз екеніне көзіміз жетеді. Арызданушылар бұндай әрекетке көбінесе шарасыздықтан барып жатады.

Жалпы, өңірімізде 20-ға жуық түрлі деңгейдгі сот органдары жұмыс істейді.

Эльмира Садвокасова