Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда теннис орталығы ашылды

Кезекті спорт нысаны халық игілігіне берілді. Нақтырақ айтсақ, Петропавлда көптен күткен әмбебап теннис орталығы ашылды. Заманауи құрылым облыс әкімдігі мен “Fortebank” АҚ арасындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында тұрғызылыпты. Енді, әлемдік талаптарға сай келетін сәулетті нысанда 300 ден астам теріскейлік спортшы тенниспен айналыспақ.

Қаламыздағы әмбебеп теннис орталығының құрылыс өткен жылы басталған болатын. Енді міне, спорт нысаны салтанатты түрде халық игілігіне берілгелі тұр. Оның таспасын облыс әкім Құмар Ақсақалов пен Қазақстан Теннис Федерациясының президенті Болат Өтемұратов қиды. Кейін, жиналған қауым ішке кірді. Мұнда өңір жетекшісі дүйім жұртты ғимараттың ашылуымен құттықтады.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Облыста салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін біраз жұмыс атқарылып жатыр. Жыл сайын бюджет есебінен, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік арқылы көптеген спорттық нысандар ашылуда. Міне, соның ішіндегі ең үлкені осы – Теннис орталығы болып табылады.

Айта кетейік, нысан облыс әкімдігі мен “Fortebank” АҚ арасындағы әріптестік негізінде тұрғызылды. Оның құрылысына аталған қаржы ұйымы 1,7 млрд теңге несие беріпті.

Гурам Андроникашвили – «ForteBank» АҚ басқарма төрағасы:

– Банк берген несиені облыс әкімдігі 10 жылдың ішінде қайтарады. Содан кейін ғимарат мемлекет есебіне өтеді. Мұндай жолмен жұмыс істеу қос тарапқа да тиімді. Себебі, дәл осындай тәсіл арқылы әлеуметтік маңызы бар нысандардың қатарын көбейтеміз. Оларда балалар, жастар мен аға буын өкілдері жаттығады. Жалпы, Петропавлдағы заманауи ғимаратты тұрғызуға Қазақстан теннис федерациясы мұрындық болды. Ал, біздің банк еліміздегі теннис спортын дамытуға әрдайым қолғабыс етеді.

Ашылу салтанатынан соң, спортшылар өз өнерін көпшілікке көрсетті.

Нысан әлемдік талаптарға сай етіп жасақталған. Мұндағы төсеніш “гринсет” деп аталады. Ол Испания елінен әкелініпті. Дәл осындай жабынды соңғы Рио олимпиадасын да пайдаланылған. Сайыстан соң, Қазақстан Теннис Федерациясының президенті Болат Өтемұратов жақсы нәтиже көрсеткен жерлестеріміздің бірін кубокпен марапаттады. Бұл орталықта ұйымдастырылған жарыстың біріншісі ғана. Алдағы уақытта осы жерде түрлі додалар өтпек.

Диас Досқараев – ҚР теннис федерациясының вице-президенті:

 – 2019 жылы осы орталықта 10 республикалық, 2 халықаралық жарыс өткізбекпіз. Ол сайыстарға көптеген теннисшілер келеді. Жергілікті балалар сол спортшылардың өнерін көріп, тәжірибе жинайды.

Орталықтың ашылғанына жергілікті балғындар да разы. Енді, олар осы кең жерде теннистің қыр-сырын меңгеретін болады.

– Теннис орталығының ашылғандығы жақсы болды. Енді, осында жаттығамыз.

– Нысанның іші кең. Жаттығу жасауға ыңғайлы. Өзіме теннис ұнайды.

Жалпы, ғимараттың аумағы 7238 мың шаршы метрді құрайды. Оның ішінде 4, ал сыртында 3 корт бар. Көрермендерге арналған орын 1200-ден асады. Бұған қоса нысанда жаттығу залы мен құрметті қонақтарға арналған бөлмелер қарастырылған.

Култанов Байболат