Қоғам

Петропавлда “Не? Қайда? Қашан?” ойыны өтті

Теріскейлік жастар ресурстық орталығының өкілдері мен төтенше жағдайлар департаментінің мамандары бірлесіп “Не? Қайда? Қашан?” зияткерлік ойынын өткізді. Құтқарушылар сайыскерлерге қауырт жағдайлардың алдын алу бойынша сауалдар дайындап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Мына залға түрлі салада қызмет ететін маман иелері жиылып отыр. Олардың қатарында, “Севказэнерго” АҚ, Петропавл ауыр машина жасау зауытының ұжымдары, С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана өкілдері және теріскейлік жастар бар. Қазір командаларға 30 сұрақ қойылады. Бұл зияткерлік сайысты өткізу бастамасын облыстық ТЖД мамандары көтерген. Құтқарушылар тұрғындардың арасында өрт оқиғаларының алдын-алу бойынша түсіндіру жұмыстарын осындай жолмен жүргізбекші болған.

Денис Шуваев – СҚО ТЖД басқарма бастығы:

– Біз осы байқауда өзіміздің арнайы сұрақтарымызды қоямыз. Олар логикалық және өрт кезіндегі қауіпсіздік шараларына байланысты. Бұл арқылы тұрғындардың түрлі қауырт жағдайларға дайындығын байқап, ақыл-кеңестерімізді береміз.

Ойын талабына сай, әр команда 1 сауалға 60 секундтың ішінде жауап қайыру қажет. Ал сұрақтар тарих, өнер, спорт және өзгеде тақырыптарды қамтиды. Петропавл ауыр машина жасау зауытының құрамасы әзірге барлығына дұрыс жауап беріп жатыр.

Евгений Кокоткин – Петропавл ауыр машина жасау зауытының инженер-технологы:

– Кейбір сұрақтар қиындау болды. Дегенмен, біздің команданың ойыншылары ойлары ұшқыр екенін дәлелдеді. Біздің жеңіске жететінімізге сенемін.

“Не? Қайда? Қашан?” зияткерлік ойынының соңында жүлделі орындардан көрінген командаларға грамота және естелік сыйлықтар табыс етілді.

Тогжан Акмагамбетова