МТРА жаңалықтары

Ғ.Мүсірепов ауданының тұрғындары Елбасы Жолдауын талқылады

Елбасы жолдауында медицина, білім және экономика салаларын жетілдіруге бағытталған бірқатар тапсырмалар айқындалды. Сондай-ақ, кіші және орта бизнесті қолдау бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізілмек.

Жолдауда негізгі басымдық – халықтың әл-ауқатын күшей­туге берілген. Ғ.Мүсірепов ауданындағы орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Айманов бұл бастаманың маңызды екенін айтады. Қазіргі таңда мұнда цифрландыруға байланысты бірқатар шаруа басталған. Мәселен, аудандық емдеу мекемелерінде осы жылы “Надежда” медициналық ақпараттық жүйесі іске қосылыпты. Оның көмегімен дәрігерлер қағазбастылықтан арылып, барлық мәліметтер электронды түрде толтырылады. Сондай-ақ, аудандардағы ауруханаларды компьютерлермен қамту үшін облыстық бюджеттен 20 млн. теңгеден астам қаржы бөлініпті.

Нұрлан Айманов – Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері:

– Бүгінде біз 110 компьютер сатып алдық. Елбасымыз жолдауда айтып өткендей бұл ауруханалардың цифрландыруға көшуін тездетеді. Келесі жылдың қаңтар айына дейін барлық құжаттарды толықтай электронды форматқа ауыстырамыз деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, учаскелік медициналық қызметкерлер өз жұмыстарын тиісті деңгейде орындайтын болса, олардың жалақысы 20%-ға көтеріледі.

Сондай-ақ, жолдауда білім саласына ерекше көңіл бөлінгені белгілі. Мәселен, Елбасымыз ұстаздардың мәртебесін көтеру қажеттігін айтып өтті. Бұл жаңашылдыққа Новоишим орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Виктор Шремзер разы. Себебі, қазір педагогтар қағазбастылықтан арыла алмай жүр. Бұдан бөлек, жұмыстан тыс уақыттарында түрлі шараларға ат салысу қажет. Болашақта бұл мәселе біржақты етілетіні жақсы дейді жас мұғалім. 27 жастағы азамат білім ошағында осымен 4-ші жыл жұмыс істеуде.

Виктор Шремзер – Новоишим №1 орта мектебінің мұғалімі:

– Елбасымыздың осы жолғы жолдауы, әсіресе, мұғалімдер үшін ерекше болды деп ойлаймын. Енді ұстаздар сабаққа дайындалу үшін көп көңіл бөледі. Одан бөлек, педагогтардың жалақылары 35%-ға жоғарлайды. Бұл біз үшін жағымды жаңалық.

Ауданда өз ісін дөңгелетіп, кәсіп қылып жүрген жандар да аз емес. Олар да жолдау аясындағы қолдауға разы. Солардың бірі – Лилия Щуцкая. Ол 20 жыл бойы ара шаруашылығымен айналысады. Іскер азаматша осы жәндіктің 100-ден астам жанұясын ұстайды екен. Олардан алынған 6 түрлі өнімді жергілікті тұрғындарға саудалайды. Нәзік жанды бизнесін “Жол картасы” бағдарламасы бойынша ашыпты.

Лилия Щуцкая – “Щуцкая Л.Р” ЖК жетекшісі:

– Жолдауда Елбасымыз “Жол картасы” бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзартуға тапсырма берді. Бұл кәсібін жаңа бастағандар үшін қолайлы болмақ. Себебі, бизнеспен айналысу оңай іс емес. Сондай-ақ, алдымыздағы жылдың 1-ші қаңтарынан бастап, мемлекет алдында берешектері барлар салықтың негізгі сомасын төлеген жағдайда, оларға салықтық амнистия жасалады. Бұл біз үшін қуантарлық жайт.

Қазіргі таңда іскер азаматшаның балалары да осы бағдарлама бойынша өз бизнестерін ашпақ ойда.

Молдир Макишева