Денсаулық сақтау

Өңір емханасында “Асыл мирас” қоры сыйлаған медициналық аппараттар бар

Өткен жылы облыстық балалар ауруханасының материалдық базасы өнімділігі жоғары замануи медициналық құрылғылармен толықты. Олардың арасында ренгент аппараты мен ультрадыбыстық сканер бар. Қос құрылғыны жергілікті емдеу мекемесіне “Асыл мирас” қайырымдылық қоры сыйға тартқан болатын.

Облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Олег Завьялов жиналғандарға мекемедегі заманауи құрылғыларды көрсетіп жүр. Мынау – кореялық Самсунг фирмасының сандық ренгент аппараты. Оны “Асыл Мирас” қайырымдылық қоры сыйлаған. Құны 49 млн теңгеге шыққан құрылғының артықшылығы көп. Оның сапалы түсірілімдерін онлайн режимінде әлемнің басқа ауруханаларына да жіберуге мүмкіндік бар. Бұған қоса, уақыт та үнемделеді. Егер бұрын бір процедураға 15-20 минут жұмсалса, қазір пациентті айнаға түсіріп, нәтижесін алу небәрі 1-2 минуттың ішінде жүзеге асады.

Ләззат Ысқақова – облыстық балалар ауруханасының сәулелік диагностика бөлімшесінің дәрігері:

– Бұл құрылғының көмегімен 8000 жуық балаға рентген жасадық. Барлығы анық көрінеді. Тағы бір артықшылығы – бұрын рентген түсірімдер касета арқылы басып шығарылатын, ал қазір принтерді қолданамыз. Бұл өте ыңғайлы.

Ал мынау – ультрадыбыстық сканер. Оны алуға 24,5 млн. теңге жұмсалған. Сканер 4 датчиктен тұрады. Жыл басынан құрылғының көмегі 7000-ға жуық жеткіншекке тиіпті. Бұл заман игілігі де “Асыл Мирас” қайырымдылық қоры бөлген қаражатқа сатып алынған. Одан бөлек, аталмыш ұйым жыл сайын тамызда “Бурабайк” фестивалін ұйымдастырып, шарадан жиналған қаржыны науқас балаларға және ауруханаларға бөледі екен.

Алдағы уақытта “Асыл Мирас” қоры Шал ақын ауданындағы ауруханаға да жаңа құрылғылар алып беруді жоспарлап отыр.

Берік Қасен