МТРА жаңалықтары

Қазан айының 2-ші жексенбісі – Халықаралық стандарт күні

Жыл сайын қазанның екінші жексенбісінде Халықаралық стандарт күні аталып өтіледі. Осыған орай Петропавлда “төртінші индустриалды революция” тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Басқосуда мамандар жиналғандарды халықаралық үлгіге негізделген стандарттау жүйесімен таныстырып, кез-келген пайдаланушыға стандарттау құжаттарын қолжетімді ететін жаңа ережелерді түсіндірді. Өйткені Елбасы жақында “стандарттау туралы” заңға қол қойған болатын. Жиналғандар кездесуде түсіндірілген жаңашылдықтарды өздеріне түртіп алып отырды.

Тахмина Оразалина – Техникалық реттеу және метрология комитетінің СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

– Отырысқа өңірдегі мемлектетік органдар, кәсіпкерлер палатасы мен бизнес субъектілерінің қызметкерлерін шақырып отырмыз. Біз жиналғандарға халықаралық стандарттың ел дамуында қандай рөл атқаратындығын түсіндіріп бердік. Жалпы стандарттар ұдайы жаңартылып отыруы тиіс. Егер бұл талаптар орындалмаса, мемлекет жаңашыл өзгерістерге ілесе алмауы мүмкін.

Сондай-ақ дөңгелек үстелде “төртінші өнеркәсіптік революцияны” елімізде іске асыру тетіктері қаузалды. Осы күні мемлекетімізде “цифрлық қазақстан” бағдарламасына орай, 62 стандарт қолданысқа еніпті. Мәселен, былтыр 6-уы, биыл тағы 39-ы қабылданыпты.

Вадим Маршаков – Техникалық реттеу және метрология комитетінің СҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы:

– Халықаралық стандарт – бірінші кезекте қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Қазақстанда 4-ші индустриалдық революцияға ілесу үшін көптеген зауыттар мен өндіріс ошақтары жаппай өздерінің жұмысын оңтайландыруға көшті. Осы істердің арқасында мұндай кәсіпорындар бәсекеге қабілетті тауар түрлерін шығаруға қол жеткізеді.

Шара соңында стандарт шеңберінде жұмыс істеп жатқан кәсіпорын өкілдері марапатталды. Солардың арасында шаһардағы “Петропавл-кондитер” серіктестігі де бар.

Светлана Мосаева – “Петропавл-кондитер” ЖШС бас технологы:

– Кәсіпорнымыз ұдайы жаңа құрылғылармен толығып отырады. Осының арқасында өнімді әзірлеу технологиясы жақсарып, біздің тауарға деген сұраныс артуда. 100 шақты кондитерлік өнімді елімізден бөлек, Қытай, Моңғолия елдеріне экспорттап жатырмыз.

Жиын соңында қатысушыларға отандық кәсіпорындарда қолға алынған цифрландыру жобалары жайлы бейнеролик көрсетілді.

 

 

Бахыт Садвокасов