МТРА жаңалықтары

Жыл басынан бері теріскейлік 877 мемлекеттік қызметші оқытудан өткен

Жыл басынан ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында 900-ге жуық мемлекеттік қызметші оқытылыпты. Олардың 300-ге таяуы қайта даярлаудан өтсе, 600-ден астамы біліктілігін арттырған.

Алдымен брифингте мемлекеттік қызметшілердің жұмысы жайлы сөз болды. Оның ішінде, мамандардың балдық-шкала бойынша алатын жалақылары туралы айтылды. Естеріңізге салайық, қазіргі таңда мұндай жаңашылдық негізінде елімізде 4 мемлекеттік орган жұмыс істейді. Оларда еңбек ететін жандардың табысы үстіміздегі жылы қабылданған өзгерістің арқасында 1,5-2 есеге өсіпті. Кейін, әңгіме ауаны мемлекеттік қызметтерді көрсету кезіндегі заңбұзушылықтарға ауысты.

Арман Бердалин – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің директоры, Астана қаласы:

–  8 ай ішінде 511 тексеріс жұмысын жүргіздік. Нәтижесінде 100 мыңнан астам заңбұзушылық анықталды. Қуантарлығы бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2 есеге аз.

Одан бөлек, Арман Бердалин елімізде 8 ай ішінде орын алған сыбайлас жемқорлық фактілері жайлы айтты. Оның сөзінше жыл басынан бері Қазақстанда 1577 бармақ басты, көз қыстылық әрекеті тіркеліпті. Нәтижесінде 19 республикалық, 63 облыстық және 115 аудандық деңгейдегі басшы жауапкершілікке тартылған. Мұндай іс теріскейде де атқарылып жатыр. Мәселен, есептік кезең ішінде 8 әдеп жөніндегі кеңес отырысы өткен.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгi СҚО бойынша департаментінің басшысы:

–  Жиындарда жалпы саны 76 іс қаралды. Отырыстарда талқыланған мәселелердің 58 пайызы заңбұзушылықтардың алдын-алуға қатысты болды. Одан бөлек, 32 тәртіптік кеңестің өтті. Оның 7-еуінде әдеп нормаларын сақтамаған және 16-сында мемлекеттік қызметтің беделін түсірген жандардың істері қаралды. Нәтижесінде 32 маман жауапкершілікке тартылды.

Ал бұндай заңбұзушылықтарға жол бермей, жұмысын адал әрі сапалы атқаратын маман даярлау үшін, оларды оқыту қажет. Жауапты іс біздің өңірде де атқарыла бастады. Ондай жұмыспен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жергілікті филиалы айналысады.

Лаура Қайыржанова – ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы СҚО бойынша филиалының директоры:

–  2018-ші жылдың 9 айы ішінде біздің филиалда 877 мемлекеттік қызметші оқытылды. Оның 234-і қайта даярлаудан өтті. 640-тан астамы білікті арттыру семинарларына қатысты. Бұдан бөлек біз аудандарға да шығамыз. Мәселен, жақында Айыртау ауданында болып, жиын ұйымдастырдық. Оған 50 маман қатысып, қызметтер жайлы мағлұмат ала алды.

Бұл филиал алда жұмысты жетілдірмек ниетте. Болашақта ұйым қызметкерлері мемлекеттік қызметшілерді қашықтықтан оқыту, ағылшын тілін үйрету сынды жаңашылдықтарды қолға алуды жоспарлап отыр.

Байболат  Култанов