Қоғам

Ғ.Мүсірепов ауданында Мағжан Жұмабаевтың бюсті орнатылды

Ғ.Мүсірепов ауданының орталығы Новоишим ауылында қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы – Мағжан Жұмабаевтың бюсты орнатылды. Ақиық ақынның 125 жылдығына орайластырылған шараға аудан әкімі, жергілікті тұрғындар мен дарынды тұлғаның немере інісі қатысты.

Новоишимское ауылының орталығына тұрғындар көптен жиналды. Барлығы осы жерде орнатылған мүсіннің ашылу салтанатын тағатсыздана күтуде. Бұл құрмет аудан әкімі мен Мағжан Жұмабаевтың немере інісі Тасболат Бекеновке бұйырып, олар бірінші болып, ақынның рухына тағзым етті. Кейін шара концерттік бағдарламаға ұласты. Ақынға құрмет ретінде жергілікті өнерпаздар Мағжанның “Даудидай” әнінің әуездерін қалықтатып, нақышына келтіріп орындап шықты.

Шара барысында Тасболат Бекенов әкім мен аудан тұрғындарына Мағжанның елімізге жасаған еңбегін ұмытпай, зор құрмет көрсетіп жатқандары үшін алғысын білдірді. 77 жастағы ақсақал М. Жұмабаев ауданының Молодежный ауылында туған. Ал, осыдан 27 жыл бұрын облыс орталығына көшіп келіпті. Оның әкесі Сәлімжан мен Мағжан туған ағайындылар болған. Ал, өзі болса, ақынның анасы Гүлсімнің қолында тәрбиеленіпті. Сондықтан, ел тәуелсіздігі үшін отты жырын арнаған алаш арысының өмірі мен тағдыры жайлы Гүлсім апаның әңгімелерінен естіп, білген екен.

Тасболат Бекенов – Мағжан Жұмабаевтың немере інісі:

– Мағжанның бала кезінен сөзшең болған, артық сөйлемейтін, қолынан газет тастамайтын. Бұрынғы кезде қағаз болмаған. Менің анам Мағжанның өлеңдерін жатқа білетін.

Ақынға құрмет ретінде оның бюстін орнатуды жергілікті кәсіпкерлер ұсыныпты. Олар 3 млн. теңге көлемінде қаржы жинап, Алматы қаласына мүсінге тапсырыс берген. Осы бюст орналасқан саябақ бұрын жеке меншік жер болып саналған. Кейін, жергілікті орган оны сатып алып, жаз уақытынан абаттандыру жұмыстарын жүргізген екен. Ол үшін аудандық бюджеттен тағы 3 млн. теңге тартылыпты.

Болат Жұмабеков – Ғ.Мүсірепов атындағы ауданының әкімі:

– Биыл ұлы ақын Мағжанның 125 жылдығы болғаны белгілі. Осыған орай ауданымызда бұл шараны ерекше өткіземіз деп шештік. Сондықтан, жергілікті кәсіпкерлер ақынның ескерткішін қоямыз деп ұсынды. Әрине, бұл біріншіден өсіп келе жатқан жастарға, халқымызға үлгі.

Айта кеткен жөн, Новоишимка ауылындағы бюст орналасқан осы шағын аудан ендігі кезекте Мағжан Жұмабаевтің есімімен аталатын болады.

Молдир Макишева