МТРА жаңалықтары

“7-20-25” халыққа қолжетімді бола түспек

Бүгін СҚО әкімдігі “Баспана” ипотекалық ұйымымен меморандумға отырды. Бұл мәміле жаңа “7-20-25” ипотекалық бағдарламасын бюджеттік сала мамандары мен жас жанұялар үшін қолжетімді ете түседі. Бұған дейін азаматтар пәтер құнының 20 пайызын жинаудың қиындығына шағымданған екен. Енді бастапқы жарнаның тең жартысын жергілікті билік субсидиялайтын болады.

Солтүстік Қазақстан “Баспана” ипотекалық ұйымымен меморандумға отырған 5-ші облыс. Мәміле аясында “7-20-25” бағдарламасы бюджеттік сала мамандары мен жас отбасылар үшін қолжетімді бола түспек.

Саят Ермек – тілші:

– Яғни, мұғалім, дәрігер, полицей және өзге де сала қызметкерлері мен жас жанұялар енді бастапқы жарна ретінде пәтер құнының 20 емес, тек 10 пайызын жинаса жеткілікті. Қалған 10 процентін жергілікті билік субсидиялайды. Айта кету керек, бұл мақсатта СҚО әкімдігі үстіміздегі жылға қазынадан 200 млн. теңге бөліп қойған.

Диас Мэлс – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚОФ директоры:

– Пәтер құны 10 млн. болса, оның 8 млн. теңгесін банк несие ретінде береді. Ал 2 млн. бастапқы жарнаның 1 млн. теңгесін әкімшілік субсидиялайды.

Бұл бастама Президент ұсынған жаңа ипотекалық бағдарламаны қатардағы халыққа қолжетімді ету үшін қолға алынып отыр. Себебі, “7-20-25” қабылданғалы бері оны тиімді жүзеге асыруда бірқатар мәселелер туындаған.

Дархан Байқуатов – “Баспана” ипотекалық ұйым” АҚ төрағасының орынбасары:

– Азаматтар бастапқы жарнаның тым үлкен екеніне шағымданып отыр. Пәтер құнының 20 процентін жинау қатардағы қазақстандықтар үшін қиын. Тағы, өңірлерде “7-20-25” шарттарына сай келетін пәтерлер жоқтың қасы. Себебі, бұл бағдарлама бойынша азамат тек қолданысқа берілген баспананы табуы тиіс. Ал, құрылыс компаниялары пәтерлерді тұрғын үй бой көтеріп біткенше дейін сатып жібереді.

Саят Ермек – тілші:

– Дегенмен, баспана дефициті келер жылы шешімін табады. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 150 млрд. теңге бөлінбек. Оның 6,5 млрды СҚО-на қарастырлған. Бұл қаражатқа “7-20-25” шарттарына сай келетін жаңа көпқабатты тұрғын үйлер салынатын болады.

Тағы “Баспана” ипотекалық ұйымы жуырда жаңа “Баспана хит” бағдарламасын іске қосты. Оның көмегімен қайталама нарықтан пәтер сатып алу мүмкіндігі бар. Шарттары “7-20-25”-ке ұқсас болғанымен, жаңа бағдарламаның өзіне тән бірнеше ерекшелігі бар.

Дархан Байқуатов – “Баспана” ипотекалық ұйым” АҚ төрағасының орынбасары:

– «Баспана хит» бойынша жылдық пайыздық үстеме 7 емес, 10,75 процентті құрайды. Ал ипотекалық несие 25 емес, 15 жылға беріледі. Бастапқы жарна 20 процент. Бұл бағдарлама бойынша азамат тек қайталама нарықтан пәтер алуы тиіс, тағы өзге жылжымалы мүліктің болуына рұқсат етіледі. Астана, Алматы Ақтау және Атырау қалалары бойынша пәтер құны 25 млн теңгеден аспауы тиіс, өңірлер бойынша шекті баға – 15 млн теңгені құрайды.

Ал, “7-20-25” бойынша бүгінге дейін қазақстандықтардың тарапынан 3400-ге жуық өтініш түскен. Оның 2200-ге жуығы мақұлданыпты. Ал СҚО бойынша жаңа ипотекалық бағдарламаның аясында бүгінге дейін тек 2 жерлесіміз займ алған.

Саят Ермек