Құқық қорғау органдары

Жыл басынан полицейлер жоғалып кеткен 30 шақты жеткіншекті тапқан

Ата-анамен келіспей қалу, ренжу, отбасыдағы жағымсыз климат. Жыл басталғалы өңір полицейлері осы сылтаумен есікті тарс жауып, із-түссіз жоғалған 30 шақты жеткіншекті тауып алған. Туысқандары полицияға хабарлап, іздеп жүрген уақытта олар көбіне компьютерлік клубтарда ойын ойнап немесе қала көшелерін кезіп жүреді екен.

Соңғы уақытта әлеуметтік желілердің кеңістігінде “Жеткіншек жоғалып кетті” деген тақырыптағы постарды жиі кездестіруге болады. Жыл басталғалы Солтүстік Қазақстан облысының аумағында 30-ға жуық кәмлетке толмаған жас үйінен кетіп қалған. Басым бөлігін полицейлер бір тәуліктің ішінде, ал 10 жеткіншекті бірнеше күн іздеп жүріп тауыпты.

Балабек Жахин – СҚО ІІД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары:

– Жедел іздестіру шараларының барысында қаланың барлық аудандарын тінтеміз. Жоғалған жасөспірімдер көбіне Петропавлдың аумағынан шықпайды. Олар компьютерлік клубтар, саябақтар немесе достары мен туысқандарының үйлерінен табылып жатады.

Саят Ермек – тілші:

– Соңғы оқиға осыдан бірнеше күн бұрын орын алды. Қазанның алтысы кешке 16 жастағы қыз бала үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Қала полицейлері оқушыны үш күн бойы іздеп, тек кеше кешке аулалардың бірінде отырған жерінен тауып алды. Бойжеткен аузына құм құйып алған. Осы уақытқа дейін қайда болғанын айтпай отыр. Ал ескертпей кетіп қалуына отбасыдағы түсініспеушілік себеп болса керек.

Ата-ана мен жеткіншек арасында түсініспеушіліктің орнауы. Тәртіп сақшыларының сөзінше, бозбала мен бойжеткендердің үйден кетіп қалуының басты себебі – осы. Алайда, мұндай қыңырлықтың арты қайғылы аяқталуы мүмкін. Қала көшелері мен саябақтарында қаңғырып жүрген жеткіншекті ұрып-соғып, зорлап, не өлтіріп кетуі мүмкін. Мұндай оқыс оқиғалардың алдын-алу үшін ата-анаға не істеу керек? Мектеп оқушыларымен біраз жыл бойы жұмыс істеп жүрген педагог-психолог Наталья Крылованың бұл орайда кеңестері бар.

Наталья Крылова – педагог-психолог:

– Мұндай әрекетке көбіне өтпелі жастағы жасөспірімдер барады. Оларға ата-ана ешқандай қысым көрсетпей, үйдегі оң климатты сақтауы керек. Яғни, балаға бұйырып сөйлеп, себепсіз ұрысудың қажеті жоқ. Олардың достары мен қарым-қатынас ортасынан хабардар болған жөн. Тағы өздерінің осы жаста қандай болғанын еске түсіріп, баланың жан дүниесін түсінуге тырысу қажет. сонда ғана, жанжалдың алдын алуға болады, сәйкесінше баланың үйден кетіп қалуына ешқандай себеп болмайды.

Бүгінге дейін жоғалған жасөспірімдердің орташа жасы 12-13-ті құрайды. Абырой болғанда, соңғы екі жылда теріскейде 18-ге толмаған балаға қиянат жасау фактілері мүлдем тіркелмеген, яғни криминогендік жағдай қалыпты. Ата-анасын ескертпей, үйден кетіп қалатын жасөспірімдер бар, бірақ өткен жылмен салыстырғанда оң тенденция байқалады.

Саят Ермек