МТРА жаңалықтары

Жолдау жүктеген міндеттер

Жолдау жүктеген міндеттер ауқымды. Облыс орталығында Елбасының стратегиялық маңызды құжаты талқыланды. Жиынға қатысушылар әрбір салаға тоқталып, қазақстандықтарды күтіп тұрған өзгерістерді сөз етті.

Елбасы Н.Назарбаев кезекті жолдауында республика тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға қажет бағыттарға баса назар аударған болатын. Солардың бірі – білім саласы. Соңғы жылдары аталған бағытта көптеген реформалар қабылданды. Алайда, олар заман талабына сай ілгері дамуға әлі де жеткіліксіз. Осыған орай, мемлекет басшысы білім саласын дамытуды мықтап қолға алуды тапсырды.

Владимир Бубенко – облыстық мәслихат хатшысы:

–  Барлық білім ошақтары Назарбаев зияткерлік мектебінің оқу жүйесімен жұмыс істейтін болады. Аталған бастама көп күттірмей өз жемісін береді деген ойдамыз. Бізге білікті мамандар қажет. Сондықтан, мектеп түлектерінің шетел асып кетуі де бүгінде проблемаға айналуда. Алайда, үстіміздегі жылы бұл процесті жергілікті оқу ордасында ашылған жоғары медицина мектебі мен білім гранттарының көбеюі тежеуге сеп болды. Мектеп бітіргендердің басқа елге оқуға түсуі биылдың өзінде 15 пайызға қысқарды.

Бұл білім саласына қатысты айтылған жалғыз мәселе емес. Елбасы жолдауында балабақшаларды да тілге тиек еткен болатын. Себебі, бүлдіршіннің білім фундаменті бүгінде дәл осы мекемелерде қаланады. Тәрбиешілер қазіргі таңда балғындардың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлуде. Алайда, енді аталған бағыттағы шаруа қарқыны артпақ. Мамандар креативті, сыни ойлай алатын жеткіншектерді тәрбиелеулері қажет. «Алтын бесік» балабақшасының ұжымы бұны жақсы біледі. 6 жыл бұрын ашылған білім мекемесі әр баланың жеке тұлға ретінде қалыптасып, түрлі салаларда дамуына ерекше мән береді.

Мадина Дарбаева – «Алтын бесік» балабақшасының директоры:

–  Бізде балаларды робототехника, жасыл технологиялар бағытындағы білімін қалыптастырады. Сондай-ақ, шахмат ойынына да баулимыз. Әрбір балаға жеке көңіл бөлу ғана арқылы оның қызығушылықтарын білуге болады.

Тұрғындардың тұрмыс сапасы артып, олар лайықты жалақы алуы тиіс. Бұл үшін 2019 жылдан бастап, ең төменгі айлық 1,5 есеге көбеймек. Өзгеріс 43 мың теріскейлікке қатысты болып отыр. Алайда, қазақстандықтардың табысы артқан сайын, азық-түлік бағасы да шарықтай бастаған.

Александр Липовой – Петропавл қаласының құрметті азаматы:

–  Сүт, қаймақтың бағасы соңғы уақытта 10 пайызға өсті. Мұндай өзгеріс нанға да қатысты болып отыр. Бірақ, бұның барлығы өзімізде шығарылады ғой. Сондықтан, осы сұрақты біржақты ету қажет деп ойлаймын.

Халық қалаулылары бұл мәселені өз бақылауларына алатындарын жеткізді.

Эльмира Садвокасова