Ауыл шаруашылығы

Орақ науқаны аяқталуға шақ қалды

Өңіріміздегі іргелі компания – “Атамекен Агро” серіктестігі орақ науқанын аяқтауға шақ қалды. Өнімділігі жоғары техникамен жарақталып, ақылды технологияларды қолданып келетін агроқұрылым Елбасының жуырда халыққа арнаған жолдауының барысында көпке үлгі болған еді.

Мағжан Ахмадина – тілші:

– Атамекен-Агро Корнеевка» серіктестігінің алқабында «Класс», «Вектор», «Торум» сынды кілең шетелдің техникасы жүйіткіп жүр. Айталық, мына неміс комбаины биыл осымен 12-ші орақ науқанын өткізуде. Осы уақыт аралығында диқандар оның жұмысынан еш мін таппаған.

Осы «Класс» комбаинын алғашқы күнінен – Сергей Коломейцев басқарып келеді. Тәжірбиелі маман аталған техниканың бұрынғы баламаларынан артықшылығы көп дейді.

Сергей Коломейцев – «Атамекен-Агро Корнеевка» ЖШС механизаторы, Есіл ауданы:

– Комбаин толық автоматтандырылған. Жұмыс барысында туындайтын олқылықтарды көрсетіп отырады. Ескі техникада бұрындары шаңның арасында үсті-басың лас болатын. Ал жаңа комбаинда кондиционер жұмыс істейді. Ән тыңдауға да болады. Еңбек етуге бар жағдай жасалған.

Өнімділігі жоғары техниканың дәл қазір алқапта 7-уі бірдей жүр. Сондықтан бидай егілген соңғы 300 гектар жерді шаруалар бір тәулікте-ақ жинап тастамақ. Оның үстіне, соңғы уақытта ауа райы да аграрийлерге қолайлы болып тұр.

Андрей Шмидт – «Атамекен-Агро Корнеевка» ЖШС бригадирі, Есіл ауданы:

– Өткен жылы орақ науқанын қыркүйек айының соңында-ақ аяқтаған болатынбыз. Биыл 2 аптадай жауын жауып, шамалы кедергі келтірді. Бірақ бүгіндері шаруаның 95 пайызы тындырылды. Айта кету керек, биыл астықтың сапасы былтырғыға қарағанда жақсы. Әрине, түрлі алқаптарда өнімділік әр түрлі. Бірақ гектарынан 30 центнерден кем алып көрген жоқпыз.

Шаруалар енді 1-2 күнде орақ науқанын толық аяқтамақ. Қалғаны – 143 гектар қыша мен 500 гектар рапс қана. Өзге 15 мың гектар алқаптағы астық толығымен қамбаға құйылған. Жалпы Есіл ауданы бойынша бидайдың – 96, ал майлы дақылдардың – 78 пайызы жиылған.

Мағжан Ахмадина