Спорт

“Құлагер” ХК “Алматы” құрамасын қапыда қалдырды

Жергілікті “Құлагер” құрамасы алматылық имек таяқ шеберлерімен қарымта кездесу өткізді. 60 минутқа жалғасқан ойында қос команда ойыншылары сауатты ойын өрнегін көрсетті.

“Құлагер” мен “Алматы” құрамаларының қарымта кездесуін тамашалауға жиналған жанкүйерлердің қатары аз емес. Шайбаның ойынға қосылғаны сол-ақ еді, қос команданың имек таяқ шеберлері тартысты доданы бастап кетті. Осылайша, кездесудің 8-ші минутында алматылық шабуылшының бағытттаған соққысы қақпаға еніп, таблодағы есеп ашылды. Қалған 12 минутта да қонақ құрама өңір хоккейшілерінің қақпасын торуылдаумен болды. Осылай, көзді ашып жұмғанша 1-ші период та аяқталып қалды.
Ал келесі 20 минуттықта бапкерлерінің кеңесін қаперге түйген имек таяқ шеберлері бір-біріне жойқын соққыларын үдете түсті. Бұл әрекеттері еш нәтиже бермеді. Тек кездесудің соңына таман теріскейлік ойыншы Данияр Хасенов қарсыластардың қақпасынан саңылау тауып, есепті теңестірді.

Жергілікті жанкүйерлердің қуанышы мұнымен бітпеді. Периодтың 17-ші минутында Максим Первухин тағы бір ұпайды қоржынға салды. Есеп 2-де 1. Осылайша, қарқын 2-периодтың аяғына дейін бәсеңсімеді. Мұз айдынына жиналған петропавлдықтар болса, жергілікті құрама алдыңғы жеңісін қайталайтындығына сенімді.

Сәлден соң, ақтық кезең де басталды. Периудттың 14-ші минутында құлагерлік шабуылшы бағыттаған шайба тиісті жерден табылып, есеп 3-те 1-ге жетті. Бұған алматылықтар да қарап қалмай, жауап қайырды. Қонақ құраманың 79-шы нөмірлі ойыншысы жергілікті қақпашыны қапыда қалдырып, шайба салды. Ал кездесудің соңғы 20 секундында құлагерлік имек таяқ шебері қарсылас қақпаға соңғы шайбаны салып үлгерді. Қорытынды есеп 2-де 4 – құлагерліктердің еншісінде.

Данияр Хасенов – “Құлагер” ХК шабуылшысы:

– Қарымта ойын екі команда ойыншылары үшін оңайға соқпады. Құрама кешегі жеңісті қайталауға барын салды. Әрине, кей кездері ойлағаның іске аспай жатады. Дегенмен, сәттілік біздің жақта болды. Жеңіске бізге қолдау көрсеткен барша жанкүйерлеріміз де үлес қосты.

Нәтижесінде теріскейлік хоккей клубы 31 ұпаймен турнирлік кестенің 2-ші тұғырына жайғасты. Айта кетейік, жергілікті мұз айдынындағы келесі ойын қазанның 25-і мен 26-сы күндері өтеді. Онда құлагерліктер Көкшетау құрамасымен тартысқа түспек.

Бахыт Садвокасов