Қоғам

Абылай хан резиденциясында қарттарға арналған экскурсия өтті

Аға буын өкілдеріне арналған танымдық шара! Петропавлдағы Абылай хан Резиденциясы мұражай кешенінде қала қариялары үшін экскурсия өткізілді. Кездесуде бейнетінің зейнетін көріп отырған жандар даңқты қолбасшының өмір жолымен танысып, уақыттарын көңілді өткізді.

Бүгін мәдени ошақтағы экскурсияны әдеттегідей мұражай қызметкерлері жүргізіп жатқан жоқ. Жауапты міндет шаһардағы №2-ші орта мектебінің оқушысы Мирас Құрманғалиевке жүктеліпті. 13 жасар жеткіншек – өткен жылғы “жас экскурсия жүргізушісі” қалалық байқауының 3-ші орын иегері. “Жас келсе іске” демекші, талапты оқушы аға ұрпақ алдында еш қобалжымады. Керісінше, батылдық танытып, ақсақалдарды Абылай ханның негізгі бөлмесіндегі жәдігерлер туралы құлағдар етті.

Мирас Құрманғалиев – “Жас экскурсия жүргізушісі” қалалық байқауының 3 орын иегері:

– Әрине, қарттарға құрмет көрсету біздің парызымыз. Осы экскурсияны жүргізгеніме өте қуаныштымын. Тек айлық кезінде ғана емес, барлық уақытта да көмектесіп отыруымыз қажет.

Әрі қарай резиденцияның өзге 3 залындағы экспонаттарды осындағы қызметкерлер таныстырды. Бүгінде даңқты қолбасшының қонысында 500-ден аса баға жетпес жәдігерлер мен құнды материалдар сақтаулы. Шараға келген зейнеткерлер мұражай кешенінің қызметкерлерін құлақ түріп тыңдады. Бейнетінің зейнетін көріп жатқан жандардың бірі – музейге алғаш рет аяқ басса, енді бірі Абылайдың өмірінен аз да болса хабары бар екен.

– Экскурсия көңілімнен шығып жатыр. Хандық кездегі оқиғаларды үлкен де кіші де білгені абзал. Тарихи оқиғалар жайындағы мәліметтерді тыңдау үнемі қызықты.

Мұражай мамандары қарттарды қолдау айлығы аясында тағы бірнеше танымдық экскурсияны өткізуді көздеп отыр.

Бахыт Садвокасов