Балалар

Петропавлда оқушылар арасында облыстық байқау-практикум өтті

Петропавлда дизайн өнеріне жаны жақын мектеп оқушылары арасында облыстық байқау-практикум өтті. Осы жолы шығармашылық жарысқа өлкедегі білім беру мекемелерінен 15 сайыскер қатысты.

Шығармашылыққа бір табан жақын жасөспірімдердің басын қосатын бірден бір сайыс – дизайн бойынша облыстық байқау-практикумы. Таудай талапты ұл-қыздар дәл қазір жетекшілерімен бірге қиялындағы жобаларын жүзеге асыруда. Солардың бірі – Жамбыл ауданындағы Казанка орта мектебінің оқушысы Жанаргүл Жанабекова. 11-ші сынып оқушысы қағаз және қатты картон қиындыларының көмегімен “яхта” құрастырып жатыр. Бойжеткен дәстүрлі шараға алғаш рет қатысса да, еңбегі қазылар алқасының назарын аудартанына сенімді.

Жанаргүл Жанабекова – байқауға қатысушы, Жамбыл ауданы:

– Пенопластан істеп жатырмыз. Оған жапсырма, желім мен қағаздың алуан түрін қолданып жатырмыз. Қозғалтқышы да бар. Бояп жатырмыз, сосын аяқтаймыз.

Биыл облыстағы білім беру орындары мен көркемөнер мектептерінің шәкірттеріне қойылған талап жоғары. Осы жолы қатысушылардың алдында ғарыш аппараттарын, су көліктері мен күрделі механизмді машиналарды жасау тапсырмасы тұр.

Ирина Колодаева –ОБМЖШО директорының орынбасары:

– Сайыскерлерге 3 сағаттай уақыт берілді. Байқау арқылы біз оқушылардың шығармашылық қабілеттерін ұштап, эстетикалық талғамдарын дамытуды көздейміз. Қатысушылардың кейбірі болашағын шығармашылық саламен байланыстыруы әбден мүмкін. Сол себептен мұндай көркемдік жарыстың маңызы зор.

Жарыс соңында қазылар алқасы макет құрылымы жағынан тартымды туындыларды анықтап, үздік бестіктен көрінгендерді бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Бахыт Садвокасов