Қоғам

Мемлекеттік қызметтер электрондық форматта

Жыл басынан қоғамдық денсаулық сақтау департаменті 2 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен. Алайда, 400 жағдайда мамандар тұрғындардың өтінішін қабылдамапты. Себебі, жерлестеріміз құжаттарды дұрыс толтырмаған көрінеді.

Мемлекеттік қызметті электрондық форматта көрсету – уақытты ұтымды пайдаланудың жолы. Бүгінде ол барлық мемлекеттік органдардың жұмысына енгізіліп жатыр. Осылайша, жаңашылдық тек тұрғындардың ғана емес, мамандардың да шаруасын әлдеқайда жеңілдететіні сөзсіз. Оған қоса, бұл – жемқорлыққа тосқауыл қоюдың бір тәсілі. Мәселен, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінде мемлекеттік қызметтің 9 түрін алуға болады.

Арман Күшбасов – СҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының м.а.:

– Біздің департамент жыл басынан 2138 мәрте мемлекеттік қызмет көрсетті. Оның 1600-ге жуығы медицина саласына, ал қалғаны халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығына қатысты. Мемлекеттік қызметтердің барлығын «электрондық үкімет» порталы арқылы алуға болады. Оған қоса, бұл мақсатта «Е-лицензиялау» жүйесі жұмыс істейді.

Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік қызметтер «Е-лицензиялау» порталында 3 жыл бұрын пайда болды. Қазір теріскейліктер аталған жүйе арқылы жұмыс істеуді әдетке айналдырған көрінеді. Мәселен, ведомство ұсынатын мемлекеттік қызметтерінің 99 пайызына жерлестеріміз дәл осы сайттың көмегімен қол жеткізген.

Арман Күшбасов – СҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының м.а.:

– 2018 жылдың 9 айы ішінде жалпы облысымыз бойынша мемлекеттік қызметтерді алу бойынша 400-ге жуық өтініші қабылданбады. Себебі, тұрғындар талап етілген құжаттардың кейбірін ұсынбаған. Сондай-ақ, өтінішті дұрыс толтырмаған жағдайда да қызмет көрсетілмейді.

Сондықтан департамент мамандары мемлекеттік қызметті алудың тәртіптеріне мұқият назар аударуды сұрайды.

Эльмира Садвокасова