Ауыл шаруашылығы

Бүгінде М.Жұмабаев ауданында 15 ауыл шаруашылығы кооперативі бар

Қазіргі таңда М.Жұмабаев ауданы бойынша 15 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істейді. Олардың 3-уі ауылдықтардан сүт сатып алып, оны ірі кәсіпорындарға тапсырады. Солардың қатарында «Пулеметовское» ауыл шаруашылығы бірлестігі де бар.

«Пулеметовский» ауыл шаруашылығы кооперативінің жүргізушісі Сергей Щепанский қысы-жазы мына көлікті тізгіндеп, жақын маңдағы елді-мекендерден сүт жинайды. Жазғытұрым уағында ауыл тұрғындары орташа есеппен 3,5 тонна ақ тапсырады. Арасында, Сергей өнімнің сапасын анықтайтын құрылғының көмегімен сүттен сынама алады. Онда ақтың құнарлылығы, майлылығы көрсетіледі.

Сергей Щепанский – «Пулеметовский» АӨК жүргізушісі, М.Жұмабаев ауданы:

– Жұмысымның айтарлықтай қиындығы жоқ. Бұл жерде 3 жылдай еңбектеніп жүрмін. Жазда күнделікті таңғы 6-30 тұрып, 5 ауылдан кем дегенде 500 литрдей сүт қабылдасам, ал, қыс мезгілінде 2 күнде бір рет 600 литрдей ақ жинаймын.

Кооперативтегілер тұрғындардан сүттің литрін 75 теңгеге сатып алып,оны «Маслодел» және «Пальчик» зауыттарына 95 теңгеден өткізеді. Осылайша, жақсы табыс тауып отырған Сергей Копылов бүгінде 5 ауыл тұрғынын да тұрақты жұмыспен қамтыған. Бірлестік басшысы мал шаруашылығына осыдан 6 жыл бұрын ден қойыпты. 2013 жылы сүт тасуға арналған газель сатып алып, ақ қабылдайтын орын ашқан.

Сергей Копылов – «Пулеметовский» АӨК төрағасы, М.Жұмабаев ауданы:

– Болашақта осы ісімізді одан әрі дамытуды жоспарлап отырмыз. Мемлекеттік бағдарламалардың бәрін тиімді пайдаланып жатырмыз. Жеңілдіктер көп. Биыл бізге үкімет 200 гектар жер берді. Қыстан қысылмай шығу үшін жем-шөбімізді өз алқаптарымызда дайындаймыз.

Тағы іскер азамат биыл мемлекеттен жеңілдетілген пайызбен 4,5 миллион теңге несие рәсімдепті. Оған салқындатқыш танкер мен сауын аппараттарын сатып алыпты. Жалпы жыл басынан «Ынтымақ» бағдарламасы аясында CҚО-да құны 68,2 млн теңгенің 13 жобасы қаржыландырылыпты.

Абылай Нүркенов – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ СҚОФ директоры:

– Бүгінде несие алушылардың арасында мал шаруашылығын қаржыландыруға бағытталған«Игілік» бағдарламасы жоғары сұранысқа ие. Мұнда 6,5 жылға дейін бөліп төлеуге болатын несиенің жылдық мөлшерлесі 6 пайызды құрайды. Аталмыш бағдарлама аясында берілетін несие ауылдық жерлерде тұратын тұрғындар үшін де қолжетімді.

М.Жұмабаев ауданы бойынша бүгінге дейін 15 кооператив құрылған. Қазіргі таңда олардың 3-уі ауылдықтардан сүт сатып алумен айналысады.

Тогжан Акмагамбетова