МТРА жаңалықтары

СҚО тәртіптік кеңестің кезекті отырысы өтті

Облыс орталығында тәртіптік кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Сәния Смаиловаға қатысты іс қаралды. Шаһар кәсіпкерлері мемлекеттік қызметшінің үстінен шағым түсірген.

Вокзал маңындағы сауда павильондары төңірегіндегі істе қалалық әкімдік пен бутик қожайындары ортақ мәмілеге келе алмауда. Адамдар көп жүретін “құтты” орыннан бизнесмендердің кеткісі жоқ. Сондықтан, олар түрлі сылтау тауып, әкімдік өкілдеріне төбе көрсетпей жүрген көрінеді. Бұл орайда, төзімі таусылған мемлекеттік қызметшілер этикалық кодекс ережелерін ысырып тастап, басқаша әрекетке көшкен. Мәселен, көктемде Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Сәния Смаилова полицейлер мен бағалаушыларды ертіп алып, вокзал жанындағы бутиктерге баса-көктеп кірген.

Инесса Қуанова – тәртіптік кеңестің мүшесі, заңгер:

– Сәния Смаилова осы әрекетімен қоғамның наразылығын тудырып отыр. Бутиктерге полицейлермен барған. Мұны мен кәсіпкерлерге қарсы жасалған акция деп түсінемін.

Тәртіптік кеңестің отырысында Сәния Смаилованың өзі болдамды. Этикалық кодекс ережелерін ұмытып, кәсіпкердің шамына тиетін сөздер айтқаны үшін Сәния Смаиловаға сөгіс беру жөнінде ұсыныс жасалды.
Келесі тәртіптік іс облыстық мемлекеттiк еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Арман Жәлеловке қатысты болды. Ол өз қарамағындағы еңбек инспекторларына бірнеше рет негізсіз жала жапқан. Орынбасар бірнеше жұмысшының үстінен жемқорлыққа барды деп құқық қорғау органдарына шағымданған. Мұны мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінің мамандары тексеріс барысында анықтапты.

Нұргүл Кахабаева – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:

– Жәлелов қарамағындағы еңбеккерлерінің үстінен жарты жылдың ішінде төрт инстанцияға шағым түсірген. Оның арызын тиісті органдар негізсіз деп тапқан. Бұған қанағаттанбаған Жәлелов СҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро Департаментіне арыз түсірген.

Қол астындағы еңбек инспекторларына негізсіз жала жапқаны үшін СҚО мемлекеттiк еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Арман Жәлеловке тәртіптік кеңес мүшелері қатаң сөгіс беру керек деген ұйғарымға келді.

Берік Қасен