Спорт

Петропавлда Конфедерация кубогы-2018 жарысының іріктеу кезеңі өтті

Петропавлда спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлерінен конфедерация кубогінің іріктеу кезеңі өтті. Грек-рим, еркін және қазақша күрес, дзюдо мен таэквондодан ұйымдастырылған турнирге жерлестерімізден бөлек, Ақмола, Түркістан, Қызылордадан келген 100-ден астам спортшы қатысты.

Боз кілемге бірінші болып грек-римшілер шықты. Әр белдесу тартысқа толы. Әсіресе, 60 келі салмақтағы жерлесіміз Аманғали Бекболатов пен Қызылорда облысынан келген палауанның жекпе-жегі көрерменнің назарын өзіне аударды. Өйткені, қызыл жейдедегі палуан қарсыласына бірнеше әдемі әдіс жасап, өзінің шеберлігін паш етті. Осылайша Аманғали мерзімнен бұрынғы жеңіске қол жеткізді.

Аманғали Бекболатов – жарысқа қатысушы:

– Бүгінгі жарысқа жақсы дайындықта келдік. Қызылордадан келкен қарсыласым осал емес.

Айта кеткен жөн, 2016 жылы теріскейлік грек-римшілер Қазақстан бойынша 3-ші орынға ие болған. Сондықтан, жерлестеріміздің жеңімпаз атанатын мүмкіндіктері молынан.
Бұл уақытта Қызылорда мен Түркістан облыстарының таэквандо командалары да өзара тартысқа түсіп жатыр. Аталған топтық кездесуде Түркістандық құрама басымдық танытып, алға суырылып шықты.

Нұрлан Мырзабаев – жарысқа қатысушы, Түркістан облысы:

– Біздің құрама бұл турнирге екі ай дайындалды. Жақсы дайындықтың арқасында қарсылсатарымыздан басым түстік.

Конфедерация кубогы 6 спорт түрінен ұйымдастырылады. Атап айтсақ, бокс, қазақ күресі, таэквандо, дзюдо, грек-рим және еркін күрес. Біздің өңірде аталған жарыс алғаш рет өтуде. Бұл сайыстарда тігілетін жүлде қоры қомақты. Мәселен, 5 олимпиадалық спорт түрінің әрқайсысына 25 млн. теңгеден бөлінген. Ал, казақ күресі жаңадан қолға алынып, дамып келе жатқандықтан, жүлдегерлерге 20 млн теңге қарастырылыпты.

Бақытбек Хамитов – жарыс ұйымдастырушы, Астана қаласы:

– Бұл жарыстың басты мақсаты – Қазақстаның барлық облыстарының құрамалары арасындағы бәсекелестікті артыру. Сол арқылы аталған спорт түрлерін дамыту.

Айта кету керек, іріктеу кезеңінен өткен спортшылар желтоқсан айында Алматы қаласында өтетін ақтық сынға жолдама алады.

Дана  Ешкенова