Денсаулық сақтау

Облысымызда кеуде обырының алдын алуға бағытталған айлық басталды

“Ауруды емдегенше, оның алдын алған жөн”! Облыстық онкологиялық диспансерде төс обырының профилактикасына бағытталған айлық басталды. Бұл шара онкологиялық аурулардың ішінде жиі кездесетін өкпе және сүт безінің қатерлі ісіктерін ерте кезеңдерінен анықтауға мүмкіндік бермек.

Өңірімізде соңғы кездері онкологиялық аурулардың ішінде әйелдердің сүт безі обырына шалдығу фактілері жиілеп кеткен. Мәселен, жылына обырдың бұл түріне 200-ге жуық теріскейлік нәзік жанды шалдығады. Ақ халатты абзал жандардың сөзінше, бұл дерт алғашқы сатысында анықталса, оны емдеуге болады.

Олег Дудяк – облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігерінің орынбасары:

– Біз нәзік жандылардың өздеріне біршама көңіл бөлгенін қалаймыз. Кеудесін тексеру кезінде түйін немесе томпайған жерлер анықталса, немесе, кеуде ұшынан сұйықтық бөлінген жағдайда дәрігерге қаралып, кеңесін алған жөн.

Аталған қауіпті кеселдің алдын-алу үшін облыстық онкологиялық орталықта қазан айының әр сенбісінде ашық есік күндері өтеді. Айдың басынан кеудесінде қандай да бір аурысыну, тығыздану пайда болған 16 әйел дәрігерге көрінген. Теріскейліктер мұндай айлықтың бастау алғанын мақұлдап отыр.

– Егер келіншектерді кеудесі мазаласа, бірден тексерілген абзал. Өйткені, өздеріне бейжай қарап, ауруды асқындырып алуға болады.

– Әйелдер жылына бір рет маммолог маманына қаралу қажет деп есептеймін. Себебі, ауруды ерте сатысында анықтаса, ем-дом шаралар жүргізуге болады.

Айта кету керек, бүгіндері елімізде қатерлі ісік ауруларын алдын-алуға басымдық берілуде. Осы орайда, Елбасы биылғы жолдауында Астана қаласында республикалық онкологиялық ғылыми-орталығын жасақтауды тапсырды.

Тогжан Акмагамбетова