Құқық қорғау органдары

Иісшіл иттердің көмегімен 500-ден аса қылмыстың беті ашылды

Қазіргі уақытта СҚО ІІД кинологиялық қызмет орталығында 43 иісшіл ит бар. Осы төрт аяқтылардың көмегімен жыл басынан бері 500-ден аса қылмыстың беті ашылыпты. Соңғы заң бұзушылықтардың бірін – “Дана” есімді неміс овчаркасы анықтаған. Тапқырлығымен танылған үй жануары ұрлық жасаған қылмыскерлердің ізіне түсіп, қолды болған дүниелерді тауып беріпті.

Бұл – 9 жастағы Дана. Неміс овчаркасы – өте ақылды ит. Осы қасиетінің арқасында үй жануары 10-нан астам қылмыстың бетін ашыпты. Соңғы болған оқиға кезінде иісшіл төрт аяқты ұрланған темірлерді оңай тапқан екен.

Марал Құсайынов – СҚО ІІД кинологиялық қызмет орталығының кіші инспектор-кинологі:

– Қазанның бірінде тәуліктік қызметке шықтым. Жұмыста жүрген кезде кезекші маман Жабаев 1 мекен-жайында ұрлық орын алғанын хабарлады. Сол жерге Дананы алып бардым. Итім заң бұзушылық болған жерде 10 секундтан жүрді де қылмыскерлердің иісін анықтады. Сол бойынша 1 шақырымдай жер жүріп, темір қабылдайтын пункке жеттік. Онда жоғалған 3 қорап дүние табылды. Мен бірден құқық қорғаушыларды шақырып, ұрыларды ұстадық.

Бұдан бөлек, қызметтік ит қазанның 4-і күні де ұрланған үй заттарын тауыпты. Онда бауқеспелер қолды қылған су құятын құтылар, күбі мен жанармай сорғысы әшкерелеген. Бұл дүниелер де темір қабылдайтын пунктен шыққан екен. Ерекше қасиетке ие Дананың шеберлігін арнайы ұйымдастырылған шара барында өз көзімізбен көрдік. Сценарий бойынша кинологтердің бірі 100 метрдей жерге барып жасырынды. Оның иіс алған овчарка адам тығылған жаққа қарай бет алып, бой тасалаған маманды анықтады.

–  Міне, жана ғана Дананың тапқырлығы мен ақылдылығына көз жеткіздік. Мына іс басталған кезде секундомерді қосқан болатынмын. 1 минут 3 секудтың ішінде төрт аяқты шөптің арасына тығылған адамды оңай тауып алды.

Жалпы, СҚО ІІД 43 иісшіл ит бар. Оның 20-сы Петропавлдағы кинологиялық қызмет орталығында күтіліп бапталады. Жыл басынан бері бұл жануарлар түрлі қылмыстардың бетін ашуға септесіпті.

Самат Төлебаев – СҚО ІІД кинологиялық қызмет орталығының бастығы:

– Жыл басынан бері 500-ден аса қылмыс анықталды. Оның 400-ден астамы ұрлық фактілері болып отыр.

Орталықта күшіктер де бар. Олар өсе келе үйретіліп, аудандардағы бөлімдерге жіберіледі.

Байболат  Култанов