Бизнес және экономика

Жерлестеріміздің теңгеге деген сенімі артуда

Солтүстікқазақстандықтардың ұлттық валютаға деген сенімі артуда. Осылайша, жерлестеріміздің теңгеде сақтаулы тұрған салымдарының мөлшері биыл 25 пайызға өскен. Бұл туралы Ұлттық банктің жергілікті филиалында өткен баспасөз конференциясында айтылды.

Соңғы 2 айда теңгенің нарықтағы бағамы жүз құбылып тұр. Бұған АҚШ долларының дамушы елдер валюталарына қатысты нығаюы мен келешекте Ресейге қарсы санкциялардың күшейетіні жайлы хабарлама себеп болып отыр. Десе де, кейінгі уақытта қаражатты АҚШ доллары, рубль не еврода емес, өзіміздің ұлттық валютасында сақтайтын қазақстандықтардың, оның ішінде теріскейліктердің саны артуда.

Саят Ермек – тілші:

– Мәселен, бүгінде жерлестерімізге тиесілі депозиттерде жалпы сомасы 148 млрд. теңге жатыр. Оның ішінде ұлттық валюта – теңгедегі салымдардың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға артып, 115 млрд теңгені құраған. Ал шетел валюталарында жерлестеріміз 41 млрд теңгеге шаққандағы салымдарын сақтап отыр.

Облыстағы валюта айырбастау пункттерінде де АҚШ долларын сату бойынша көрсеткіш 4 ал сатып алу бойынша 8 пайызға төмендеген. Ресей рублі бойынша жағдай керісінше.

Диас Мэлс – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚОФ директоры :

– Бүгінгі күні облыста айырбастау операцияларын 104 пункт іске асырады. 2018 жылдың 8 айында 25,9 млн. АҚШ долларында, 2,97 млн. еуро және 5 млрд. 748 млн. Ресей рубліннің нетто операциялары жүргізілді.

Тағы, Ұлттық банктің жергілікті филиалы биыл өңір тұрғындарының несие алудағы белсенділігіні аңғарған. Үстіміздегі жылдың қаңтар мен тамыз айларының аралығында өңір банктері 116 млрд теңгенің займын беріп үлгеріпті.

Саят Ермек – тілші:

– Оның ішінде ипотекалық займ алу көрсеткіші 20 пайызға өсіпті. Бүгінде баспаналы болу үшін жерлестіріміз банктерден 26 млрд. теңге несие алған. Тағы жыл басынан теріскейліктер жалпы сомасы 42 млрд теңгенің тұтыну несиелерін рәсімдепті. Бірақ, алған қарызын уақытылы, не тіпті қайтармай отырған жауапсыз солтүстікқазақстандықтар жергілікті банктерге 6 млрд 800 млн. теңге берешек болып қалған.

Тағы бір маңызды жаңалық – тамыздың соңында “Қазақ” және “Эксим” банктері лицензияларынан айырылды. Олар Ұлттық банкпен жасасқан келісімдегі міндеттерін орындамаған, тағы пруденциялық нормативтерді бұзған. Біздің өңірде тек “Эксим банк” жұмыс істейді. Бірақ жиған-тергенін сонда сақтаған жерлестерімізге алаңдаудың еш қажеті жоқ. Аталған қаржы институты жеке тұлғалар депозиттерін міндетті кепілдендіру жүйесіне қосылған. Сондықтан, банктің барлық салымшыларына белгіленген тәртіпте кепілді өтемақы төленбек.

Саят Ермек