МТРА жаңалықтары

Тасымалданатын азық-түлік қауіпсіздігін қадағалауды күшейту

Тасымалданатын азық-түлік қауіпсіздігін қадағалауды күшейту. Бүгін солтүстікқазақстандық фитосанитарлар мен ветеринарлар ресейлік әріптестерімен бірлесіп осы мәселе төңірегінде пікір алмасты. Мамандар екі ел арасында тауарлардың жөнелтілген уақытынан бастап нарыққа түскенге дейінгі барлық ақпарат толық қамтылатын жүйені іске қоспақ ниетте.

Солтүстік Қазақстан Ресейдің үш бірдей өңірімен шекаралас. Күн сайын Қорған, Омбы және Түмен облыстарына біздің аймақ арқылы мыңдаған тонна өнім жеткізіледі. Олардың барлығы бірдей отандық тауарлар емес. Себебі, бүгінде Қазақстан бірқатар мемлекет үшін транзиттік аймаққа айналып отыр. Мәселен, Өзбекстан мен Қырғызстанның ресейліктерге экспорттайтын өнімі біздің ел арқылы тасымалданады. Бұл республикамыз үшін табыс көзі екені айдан анық. Алайда, мұның да өз кемшіліктері бар екен. Ресей еліне жеткізілетін тауардың сапасы сын көтермесе, мамандар оны қайтарып жіберулері мүмкін.

Владимир Отрадных – СҚО аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:

– Өкінішке қарай, көп жағдайда өсімдік шаруашылығының мұндай өнімдері қайтарда діттеген жеріне жетпей жатады. Тауартасымалдаушылар оның жарамсыз болғанына қарамастан, біздің аумақта саудалап жіберуі мүмкін. Сондықтан, ресейліктермен бірлесіп осы бағытта жұмыс істегіміз келеді. Егер олар орын алған олқылықтар жайлы бізді уақытында хабарландырып тұрса біз тауардың шығарылған жеріне жетуін қадағалар едік. Әзірге, мамандарымыз бұл ақпаратты Ресейдің Федералдық ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау қызметі сайтынан біліп отырады.

Осы ретте жергілікті мамандар ресейліктермен бірге бұл жұмысты жүйелі түрде жүргізуді ұсынуда. Мәселен, екі елдің ветеринарлары бұл мақсатта басқарудың автоматтандырылған кіріктіру жүйесін қолданып келеді. Яғни, мұнда сүт пен ет өнімдерінің жөнелтілген уақытынан бастап нарыққа жеткенге дейінгі барлық ақпарат толық қамтылады. Осыған ұқсас фитосанитарларға да арналған бағдарлама бар екен. Отырыс барысында жүйені қазақстандықтар үшін де қолға алу жайы қозғалды.

Олег Подкорытов – Ресейдің Федералдық ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау қызметінің Омбы облысы бойынша басшысы:

– Биылғы жылдың 1-ші шілдесінен бастап біз Меркурий жүйесімен жұмыс істеуді бастадық. Жобаға сонымен қатар, Беларусь елі қосылды. Осылайша, тауардың жағдайын біздің шекараға жетпей-ақ біліп отырамыз. Яғни, қос мемлекет арасындағы тауар тасымалын қадағалауда ұстаймыз. Олқылықтар жайлы да осы жүйе арқылы білуге болады.

Жалпы, Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар көлемі жылдан-жылға артып келеді. Биыл бұл көрсеткіш 7 мың тоннаны құраған.

Саят Ермек