МТРА жаңалықтары

ҚР ҰҰ Әскери институтында ұстаздар марапатталды

Қазан айының 1-ші жексенбісі – Ұстаздар күні. Әскери институтта осыған орай ұйымдастырылған “Үздік педагог” байқауының қорытындысы жарияланды. Шараға курсанттарды патриоттық рухта тәрбиелеп жүрген 35 оқытушы қатысқан болатын.

“Үздік педагог” байқауы жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Биыл аталған шараға 8 кафедрадан 35 шақты педагог қатысқан. Сайыс 2 кезең бойынша ұйымдастырылды. Біріншісінде – кафедра ішінде, ал екіншісінде – институт бойынша үздік оқытушы анықталды. Бүгін Ақмарал Жамитова тілдік дайындық кафедрасының үздік ұстазы атанды. Нәзікжандының Әскери Институтта жұмыс істеп жүргеніне 5 жылдың жүзі болыпты. Осы аралықта курсанттарға сапалы білім мен саналы тәрбие беруге тырысып келеді.

Ақмарал Жамитова – ҚР ҰҰ Әскери институты “Тілдік дайындық” кафедрасының оқытушысы:

– Әскери институтқа алғаш рет келгенде қиын болады деп ойладым. Жүрекпен шыққан әр бір сөздерім олардың жүректеріне жетті деп ойлаймын.

Ал Бахыт Калеевтың әскери институтта еңбектеніп жүргеніне 3 жылдың жүзі. Жас өрімдерді жұдырықтай жұмылдырып отырған азамат оларға үлкен жетістіктерге жетуге көмектесуде. Мәселен, биыл оның қол астындағы курсанттар халықаралық ғылыми байқауда 2-ші және 3-ші орындарға ие болған. Ал бүгін өзі де марапатқа ие болып, институт бойынша “Ең үздік оқытушы” атанды.

Бахыт Калеев – ҚР ҰҰ Әскери институты “Жалпы білім беретін пәндер” кафедрасының аға оқытушысы:

– Жалпы білім беретін пәндер кафедрасында жұмыс істеймін. Философия, дінтану пәніне сабақ беремін. Олармен ғылыми жобалар жазамыз.

Салтанатты шара соңында ұстаздарға мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Молдир Макишева