Ауыл шаруашылығы

Мамлют ауданының шаруалары биылғы ырыздықты элеваторларға жеткізуде

Солтүстік Қазақстан облысының агроқұрылымдары жаңа өнімді элеваторларға тапсырып жатыр. Қазір өлкедегі барлық астық қабылдау орындары толық қуатта жұмыс істеп жатыр. Солардың бірі – Мамлют ұн үгу комбинаты. Алпауыт кәсіпорын тәулігіне 3,5 мың тонна алтын дән қабылдауға қауқарлы.

Үстіміздегі жылы Мамлют ауданының диқандары 155 мың гектар алқапқа дәнді және майлы тұқымдастарды жерге сіңірген. Орақ науқанына тамыздың 20-сында кіріскен жергілікті аграрийлер, қазір күзгі жиын-терім жұмыстарын аяқтауға жақындап қалыпты. Аудандағы орташа берекелік көңілге қонымды. Гектарынан 16 центнерден алып жатыр.

Қайреттен Боранбаев – Мамлют аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Мамлют ауданы бойынша 105 900 гектарға дәнді дақыл егілген. Оның 98 мың гектары жиналды. Майлы дақылдардың көлемі 49900 гектарды құрайды. Оның 33 мың гектары орылды. Бұл майлы тұқымдастар егілген алқаптардың 66 пайызы. Майлы тұқымдастардың шығымы гектарынан 9 центнерге жетті.

Бүгінде агроқұрылым басшылары маңдай терімен жинаған ырыздықты кептіріп, сақтау үшін “Мамлют үн үгу комбинатына” жеткізуде. Өлкеміздегі ірі астық қабылдау орнының сыйымдылығы 150 мың тоннаны құрайды. Астық тиелген жүк көліктері алдымен комбинаттың кіре берісінде өлшенеді. Кейін өндірістік-технологиялық зертханада алтын дәннің алғашқы сынамасы алынады.

Оксана Коваленко – “Мамлют ұн үгу комбинаты” ЖШС техник-технологы:

– Орақ науқаны кезінде серіктестігіміздің жұмысы қыза түседі. Ырыздықтың сапасын мына “инфротек” құрылғысының көмегімен анықтаймыз. Бұнда дәннің ылғалдылығы, сұрпы мен балауызын болжамды түрде анықтауға болады. Қазір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден келіп жатқан берекеліктің ылғалдылығы жоғары. Ал алтын дәннің нақты сапасы мен сұрпын 1 күннен кейін айтамыз.

Бүгінде астық қабылдау орны толық қуатта жұмыс істеп жатыр. Серіктестік тәулігіне 3,5 мың тонна алтын дәнді қабылдай алады. Мұнда ылғалдылығы жоғары ырыздықты 6 бірдей кептіргіштің көмегімен құрғатады екен.

Александр Есимшарипов – “Мамлют ұн үгу комбинаты” ЖШС техникалық жетекшісі:

– Элеваторымыз астықтың барлық түрін қабылдап жатыр. Жаңа өнімді қабылдамай тұрып кәсіпорынға ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Бізде мамлют ауданының 220 тұрғыны еңбек етіп келеді. Жұмыс күші жеткілікті.

Мамлют ұн үгу комбинатына алтын дәнді жергілікті шаруалардан бөлек, өзге аудан аграрийлері де тапсырып жатыр. Жалпы Мамлют ауданы бойынша орақ науқанын қазан айының ортасында тәмамдау көзделген. Қазірдің өзінде кей шағын шаруа қожалықтары бұл шаруаны толығымен орындапты.

Бахыт Садвокасов