Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Зенченко и К” КС бидай жиымын тәмамдады

Өңірде орақ науқаны тәмамдалуға шақ қалды. Қазір алқаптардағы алтын дәннің 93,4 пайызы қамбаға түскен. Ал теріскейдегі іргелі шаруашылықтардың бірі “Зенченко и К” командиттік серіктестігі бидай алқаптарын толықтай жинап бітірген. Облыс бойынша орташа берекелік 17,7 центнерді құраса, “Зенченко” бір гектардан 26 жарым центнер өнім алыпты. Қазір серіктестіктегілер майлы дақылдарды орып жатыр.

Саят Ермек – тілші:

– Бұл 3,5 мың га алқапқа серіктестік зығыр еккен. Оның 1,5 мыңын бүгінге дейін жинап үлгеріпті. Қалған жұмысты алдағы 3 күннің ішінде аяқтауды жоспарлап отыр. Гектар берекелігі әзірге 15 центнерді құрайды.

Александр Шкловский – “Зенченко и К” КС бас агрономы:

– Тағы 900 гектарға рапс еккен едік. Оны орып бітірдік. Майлы дақылдардың бір гектарынан орташа есеппен 15 центнерін алып отырмыз. Қазір зығыр алқабында 30-ға жуық техника мен 40 шақты жұмысшы таңғы сағат 7-ден түнжарымға дейін еңбек етуде.

Зығыр орағы “Зенченко и К” КС-дегі күзгі жиын-терім науқанын толығымен тәмамдайды. Ала жаздай баптаған өнімін жинауды өңірдің бетке ұстар шаруашылығы тамыздың соңында бастапты. Бүгінге дейін алтын дәннің 100 пайызын қамбаға құйған. Науқан берекелігінің былтырғыдан еш айырмашылығы жоқ дейді бас агроном. Таңдаулы және 1 репродукциялы отандық, бірнеше ресейлік бидайдың жұмсақ тұқымдары әр гектардан 26,5 центнердей өнім берген.

Александр Шкловский – “Зенченко и К” КС бас агрономы:

– Бидайды 15 мың гектар жерге сіңірген едік. Қазір алған өнім кептіріліп жатыр. Биыл астықтың сапасы төмен дегендер бар. Бірақ, бірнеше рет тексердік, көңілден шықты. Үшінші сыныпты бидай, құрамындағы кілегей мөлшері 25-26 пайызды құрайды. Алтын дәнді тек ішкі нарыққа саудаламқшымыз.

Тағы биыл серіктестік 200 гектар алқапқа картоп, ал 25 гектар жерге пияз еккен. Алғашқысының шығымдылығы бір гектардан 34, ал пияздікі 20 тоннадан айналыпты. Өнім толығымен жиналып біткен, қазір кептірілуде.

Саят Ермек – тілші:

– Қазір қоймада пияздың 340 тоннасы жатыр. Қызылы – ред барон, ал бұл – сангро. Екі сұрыптың екеуі де таңдаулы саналады.

Ал “Гала” сұрыпты екінші ас атасының 5 мың тоннасы қазір қоймада сақтаулы тұр. Көкөністің барлық түрлерін командиттік серіктестік жергілікті базарлар мен жәрмеңкелерде саудалап қана қоймай, жақын жатқан Ресей өңірлері мен еліміздің оңтүстік аймақтарына, тағы Өзбекстанға экспорттамақшы.

 

Саят Ермек