МТРА жаңалықтары

Тұрақтандыру қорына қажет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері сатып алынуда

Биыл өңірде тұрақтандыру қорына қажет әлеуметтік маңызы бар өнімдерді сатып алуға 300 млн теңге қаражат бөлініпті. Әзірге, қойма қант, күріш және қарақұмықпен толыққан. Ал, келесі аптада қамбаға картоп, сәбіз, қырыққабат және пияздың 800 тоннасы жеткізіледі.

Бұл – өңіріміздегі тұрақтандыру қорының қоймасы. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің барлығы осында сақталады. Ал мұндай өнімдердің санатына ұн, нан, макарон, қарақұмық, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, күнбағыс майы сынды тауардың 19 түрі кіреді. Қазір, қамбада 289 тонна қант, 18 тоннадай қарақұмық жармасы мен 7 тоннадан астам күріш сақтаулы.

Мұрат Нұрқанов – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы:

– Өткен жылғыдай биыл көкөністер сатып алынады. Картоп, сәбіз, қырыққабат, пияз. Картоп 500 тоннадай сатып алынады. Ал, сәбіз, қырыққабат және пияздың әр қайсысы 100 тоннадан алынбақ. Бұларды қыс пен көктемде арзан бағамен халыққа өткіземіз.

Күнделікті тұтынатын аталған өнімдер тұрақтандыру қорының сауда нүктелерінде төмен бағамен өткізіледі. Мәселен, коммуналдық базарда қарақұмық – 130 -180, күріш – 170, қант – 215 теңге тұрады. Мұнда тәтті ұнтақтың теріскей бойынша ең арзан бағасын табуға болады. Дегенмен, бұл бағаның өзі жыл басындағысымен салыстырғанда 10,3 пайызға қымбат. Бұдан бөлек, жергілікті тұрғындар сүт бағасының шарықтап кеткеніне шағымдануда.

– Бәрі қымбаттап жатыр. Бағалар зейнеткерлердің қалтасына салмақ түсіріп жатыр. Мәселен, 1 литр “Зенченко” сүті бұған дейін 190 теңге болатын, қазір 210 теңгеге дейін қымбаттап кеткен.

– Ана жерден қаймақ пен қызанақ алам. Ет те қымбат. Бәрі қымбат. Зейнетақым шамалы.

Тұрақтандыру қорына қажет әлеуметтік маңызы бар өнімдерді сатып алуға 300 млн теңге бөлінген.

 

Тогжан Акмагамбетова