Бизнес және экономика

Шағын кәсіпкерліктер үшін мөрдің күші жойылды

Кәсіпкерлердің құлағына алтын сырға! Елімізде орта және кіші бизнес субъектілері үшін мөрдің күші жойылды. Енді, іскер жандар құжаттарды куәландыру үшін өздерінің қолдарын қойса жеткілікті.

Елбасы Дүниежүзілік банктің “Doing Business” рейтінгісінде Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына кіргізу жайлы тапсырма жүктегені мәлім. Осыны жүзеге асыру барысында мемлекеттік органдар түрлі жаңашылдықтарды әзірлеп жатыр. Соның бірін – Әділет минстрлігі дайындап шығарды. Ол орта және кіші бизнес субъектілерінің жұмысын жеңілдетуді көздейді.

Айнар Махметова – СҚО әділет департаментінің бөлім басшысы:

– Үстіміздегі жылдың 24-ші мамырында кәсіпкерлік кодексіне өзгертулер енгізілді. Нақтырақ айтатын болсам, заңнамаға кіші және орта бизнес субъектілері үшін мөрдің күшін жою жайлы толықтыру енгізілді. Енді, осының аясында мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдары іскер жандардан қажетті таңбаны сұратпайды. Ал, құжаттарды куәландыру үшін уәкілетті тұлғаның қолы болса жеткілікті. Бұл жаңашылдық маусымның 1-нен бастап заңды түрде күшіне енді.

Мөрге шектеудің қойылғандығы «СҚО Рестораторлары мен Отельерлері Ассоциациясы» ҚБ төрағасы Сайран Хамзин үшін өте тиімді болыпты. Себебі, азамат жаңашылдық қабылданғалы бері өзі басшылық ететін ұйымның белгісін қою үшін, мөрді алып жүрмейтін болыпты. Тағы, іскер жан бұл өзгерістің басқа да артықшылықтарын байқаған.

Сайран Хамзин – «СҚО Рестораторлары мен Отельерлері Ассоциациясы» ҚБ төрағасы:

– Кез-келген мөрді жасату үшін 1-2 күн уақыт кетеді. Әрі дайын болған дүниеге 10 мыңдай ақша төлейтінбіз. Одан бөлек, банктен шот ашқан кезде де мөрді куәландыруды талап етеді. Оған да аз да болсын шығындалып жүрдік. Енді, мына өзгерістің қабылданғаны жақсы болды. Тек құжатқа қолыңды қойып жұмыс істей бересің.

Бұл ретте көпшілікті құжаттарға жалғыз қолдың қойылғандығы қауіпсіздік тұрғыда алаңдатуы мүмкін. Бірақ, бұған қам жеудің қажеті жоқ. Азамат күмәнданған жағдайда кәсіпкерлердің бірыңғай тізіліміне екінші іскер жанның бизнес сәйкестендіру номерін теру арқылы қолдың шындығына көз жеткізе алады. Айта кетейік, қазіргі таңда біздің өңірде 12 мың орта және кіші бизнес субъектілерінің тіркелген.

 

Култанов Байболат