Білім

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ базасында мемлекеттік қызметшілер мектебі ашылды

Енді М.Қозыбаев атындағы СҚМУ базасында болашақ мемлекеттік қызметшілер даярланатын болады. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті бүгін оқу ордасында “Жас қызмет” мектебін ашты.

Гузель Шилдыкенова – болашақ заңгер. 4-ші курс студенті алдағы жазда жергілікті университетті қызыл дипломға бітіруден үмітті. Кейін адвокат болып, халық игілігіне қызмет етпекші. Қалаған жұмысына тұруға мемлекеттік қызметшілер мектебінің көмектесетініне бойжеткен сенімді.

Гузель Шилдыкенова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ 4-курс студенті:

– Диплом алған соң маған тұрақты жұмыс пен жақсы жалақы қажет. Сондықтан мемлекеттік қызметті таңдадым. Сондай-ақ, менің халық мүддесі мен құқығын қорғау жолында еңбек еткім келеді. “Жас қызмет” мектебі болса, осы мақсатқа жетудің жақсы мүмкіндігі. Дәрістер университеттегі сабақтардан тыс уақытта жүргізілмек. Студенттер үшін ыңғайлы.

Гузель сынды болашағын мемлекеттік қызметпен байланыстырамын дейтін соңғы курс студенттерінің саны 20. Дені – болашақ заңгерлер. 2 апта бойы олар теорияны оқитын болады. Кейін оны практикада бекіту үшін тағы 14 күн бойы өздері таңдаған органда тағылымдамадан өтеді.

Елена Степаненко – мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Қазір өңір бойынша мемлекеттік органдарда 300-ге жуық маман жетіспейді. “Жас қызмет” мектебі бұл бос лауазымдарды оқу ордасын енді тәмамдаған, жас әрі жалынды мамандар басады деген болжаммен ашылып отыр. Оларға біздің агенттік мамандары мен ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ұстаздары сабақ беретін болады.

Тағы мектеп өз шәкірттерін мемлекеттік қызметке тұру үшін тапсырылатын сынаққа да дайындайтын болады. Ол үшін 8 негізгі заңнама мен этикалық кодексті білу керек. Курсты тәмамдағандар қолдарына тиісті сертификаттарын алады.

 

Саят Ермек