МТРА жаңалықтары

Елді-мекен, көше атаулары өзгертіліп жатыр

Өңірімізде елді-мекендер мен көше атауларын өзгерту үрдісі жалғасуда. Биыл облыстық ономастикалық комиссия мүшелері осындай 100-ден астам шешім қабылдаған.

Карл Маркс, Каманин, Осипенко. Бұл көше атаулары аға буын өкілдерінің есінде жақсы сақталғанымен, жастарға таныс емес. Себебі, біршама уақыт бұрын олар Абай, Астана, және Егемен Қазақстан көшелері болып өзгертілді. Қала бойынша мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Тіпті, барлық тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналған Қазақстан Конституциясы көшесін алып көрелік. Осы уақытқа дейін оның атауы 4 мәрте өзгертіліпті.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Шаһарымыздың басты көшесінің тарихы Петропавл бекінісінің құрылысымен тұспа-тұс келеді. Сол уақытта ол Вознесенк даңғылы деп аталған екен. Кейін патша билігі құлап, кеңес үкіметі орнағанда көшеге Владимир Ульяновтың құрметіне Ленин есімі берілді. Ал, 1999 жылы ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтың қаламыздың орталық көшесі – еліміздің басты заңының атына лайық деп табылып, Конституция көшесіне ауыстырылды. 2005 жылдан бастап, ол Қазақстан Конституциясы болып аталып келеді.

Бүгінгі таңда дәл осындай шаруа елді мекендерде де орын алуда. Қазір селолық округ, ауыл мен ондағы көшелердің атаулары ауыстырылып жатыр. Алайда, бұл оңай шаруа емес. Ең алдымен, ұсыныс ономастикалық комиссия мүшелеріне таныстыралады. Бастысы – ол мағыналы болуы қажет. Бұл ретте көше, мен ауылдарға көбінесе қоғам қайраткерлерінің, батырлардың есімі мен дәстүрлі атаулар беріледі екен.

Ернияз Сұлтанов – СҚО тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы:

– Тимирязев ауданындағы ауылдардың бірінде Веселое көшесі болды. Оның атауын биыл сол жерде туған атақты Меңдеке батырдың есімі берілді. Қазір Елбасының тапсырмасы бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулардан арылып жатырмыз.

Мағынасыз, ойға қонымсыз ұсыныстарды облыстық ономастикалық комиссия қабылдамайды. Мәселен, биыл Қызылжар ауданы елді мекендерінің біріндегі көшелердің атын өзгерту бойынша тілек білдіріпті. Алайда, ол комиссия мүшелері тарапынан қолдау таппады. Әйтпегенде ше, қызылжарлықтар жаңа атау ретінде «Осенняя» және «Элеваторная» нұсқаларын ұсынған. Ал, Мағжан Жұмабаев ауданынан түскен ұсыныстар қарыстырылып, бекітілген. Мұнда 90 көшенің атауы жаңартылыпты. Бұл елді-мекендерде атқарылған жалғыз шаруа емес.

Ернияз Сұлтанов – СҚО тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы:

– 2018 жылдың 1-ші маусымында ономастикалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда М.Жұмабаев ауданындағы Молодежное селолық округының атауын Мағжан деп, ал Молодежное селосын, Жастар деп өзгерту шешімі қабылданды.

Осыған ұқсас жұмыстар Тимирязев және Аққайың аудандарында да жүргізіліпті. Соңғысында 14 көшенің атауы ауыстырылған. Ал, қаламызда биыл тек бір ғана өзгеріс орын алды. Шаһардағы қалалық мәдениет және демалыс саябағы шілде айынан ресми түрде Тұңғыш Президент паркі аталды.

Эльмира Садвокасова