Білім

Ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегі

Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын ұстаздікі! Бұл мәртебелі маман иелерінің қызметі жауапты әрі күрделі. Мұғалімдердің халықаралық мейрамы қарсаңында біздің түсірілім тобы ұстаздардың абыройлы ісі туралы мерекелік бейнематериал әзірледі.

Саят Ермек – тілші:

– Алғаш әріп танытқан, есеп шығартқан бірінші ұстаздың жарқын келбеті мен сыңғырлаған дауысы әлі күнге дейін әрқайсымыздың есімізде. Білім атты теңізге алғаш шыққан бала-кемеге бағыт-бағдар беріп, бастауыш білімнің негізін қалайды бұл жандар.

Шынымен де, алғашқы мұғалімнің мойынына артылатын жүк ауыр. Дүниені жаңадан танып, қолына енді қалам ұстаған кішкентайды білімге баулу көптің қолынан келе бермейді. Дегенмен, Теңдік Құлмағанбетованың бұл жауапты жүкті арқалап келе жатқанына 30 жылдың жүзі болған. Осы уақыт ішінде бастауыш сынып мұғалімінің алдынан өткен шәкірттердің саны аз емес.

Қазақ мектеп-гимназиясында қызмет ететін ұстаз биыл шәкірттерінің кезекті легін 5-ші сыныпқа қанат қақтырады. Төрт жыл бойы алақанда аялап, жазу-сызу үйреткен балапандарды орта буынға шығарып салу әрқашан қиын дейді Теңдік апай.

Теңдік Құлмағанбетова – қазақ мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі:

– Алдыма келген кішкентай, шаштары жалбыраған бүлдіршіндерді 1-ші сыныпта қабылдап, 4-ші сыныпта шығарғанда, еңбегімнің жемісін көріп, рахаттанамын. 4 жылда әр бүлдіршін өзіңнің туған балаңдай болып кетеді. Олармен қоштасқанда көзге жас келеді. Мен де, оқушыларым да жылаймыз, бірақ, байланысымызды үзбейміз.

Бірақ мектеп – білім ордасы ғана емес, балақайдың тәрбие алып, құлқы қалыптасатын мекен. Сондықтан, Теңдік Сәркенқызы оқуда болсын, өмірде болсын әр жеткіншекке қажетті оң қасиеттерді партадан қалыптастыруға ерекше мән береді. Себебі ол өз мамандығын сүйеді, өз оқушыларына ғашық.

Теңдік Құлмағанбетова – қазақ мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі:

– Жұмыс жасағанда балаларды ынтымақтастық пен жанашырлыққа баулып, топтық жұмыстарға көп жүгінемін. Жай отырған бала үндемей қалады, ал топта олар бір-бірін тартып, ашылады. Бұрын тыныш отыратын тұйық балаларым қазір өзіммен тайталасып, пікірін дәлелдеп бағады.

Зинара Нартаева болса, ұстаздық мамандыққа жаңадан кірісіп жатқан жан. Бойжеткен биыл “Серпін-2050” бағдарламасы бойынша жергілікті университетті тәмамдапты. Қазір қазақ мектеп-гимназиясында информатикадан сабақ береді. Дипломын қолына аса сылысымен, мектепке жүгірген жас маманды ұжым да, шәкірттер де құшақ жая қарсы алған.

Зинара Нартаева – қазақ мектеп-гимназиясының информатика пәні мұғалімі:

– Сабақ жоспарларын жасау әдістерін сол кісілерден сұрап-білдім. Ұжымым жақсы, бірден өздеріне жақын тартып, араласып кеттік.

Компьютердің қыр-сырын балалар еңбектеп жүріп меңгеретін заманда информатика мұғаліміне жұмыс жоқ деп ойларсыз. Бірақ Зинара олай санамайды. Әр сабағын ерекше етіп, шәкірттің көкейіне жаңа технологиялар жайлы тың білімді құюға тырысады. Сондықтан, үшінші сынып болсын, тоғызыншы сынып болсын, жаңа мұғалиманың сабағын ұйып тыңдайды.

Зинара Нартаева – қазақ мектеп-гимназиясының информатика пәні мұғалімі:

– Балалармен жақсы жұмыс жасаймын, бірден тіл табысып кетеміз. Сабақта түрлі тәсілдерді пайдалануға тырысамын. Жұмысым қиын емес, өзіме ұнайды. Үй жұмысын тескеріп, пысықтап отырамын, оқушыларға қаталмын.

Тәжірибелі ме, мансабын жаңадан бастап жатыр ма – ұстаздың аты ұстаз. Оған ата-ана өз баласын, оның болашағын сеніп тапсырады. Сондықтан, мұғалімнің күнделікті еңбегінің қаншалықты ауыр екені сипаттамаса да белгілі. Ал алдағы жексенбіде олар бұл еңбегі үшін кезекті рет құттықтаулар қабылдамақ.

Саят Ермек – тілші:

– Өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау. Өз заманында ұстаздық кәсіпке ғұлама Ахмет Байтұрсынов осындай баға беріп кеткен. Қазір теріскей өңірінде 500-ге жуық мектеп болса, онда 17 мыңға жуық мұғалім шәкірт оқытып, өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Ал өз ісінің нағыз шеберлері – 4 ұстаз биылғы республикалық “Үздік педагог” байқауының лауреаты атанған.

 

Саят Ермек